Президент Тоқаевтың өкімімен Бас прокуратураның активтерді қайтару комитетінің төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіков қызметінен босады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Нұрдәулет Сүйіндіков 1980 жылы 26 маусымда Түркістан облысында туған. Әділет аға кеңесшісі. Прокуратура органдарындағы еңбек жолын 2001 жылы бастаған.
Бас прокуратураның активтерді қайтару комитетіне 2023 жылдың қазанынан бастап жетекшілік етті.
Аталған комитет Мемлекет басшысының жарлығымен 2023 жылдың 5 қазанында құрылған. Оның басты міндеті заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару, оларды іздестіру бойынша халықаралық құқықтық ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына жол ашқан себептерді анықтап, жою.
Бұған қоса комитет премьер-министр төрағалық ететін арнайы комиссияның жұмысшы органы қызметін атқарады.
Контекст
Бұған дейін Тоқаевқа есепке берген Бас прокурор қайтарылған активтің көлеміне жария еткен еді.
Берік Асыловтың айтуынша, мұндай ауқымды қаражат бұрын-соңды қысқа мерзімде мемлекетке қайтарылған емес.
Нақты дерек бойынша, заңсыз шығарылған қаржы көлемі 1,3 трлн теңгені құраған, соның 850 млрд теңгесі бүгінде бюджетке түсті. Бұл ақша әлеуметтік жобаларға жұмсалып, ел игілігіне жараған.
Нәтижесінде республика бойынша 207 су шаруашылығы нысаны, 177 медициналық мекеме және 14 білім мен спорт ғимараты салынған. Сонымен қатар алдағы уақытта тағы 16 мектеп пен балабақша, 8 аурухана мен дәрігерлік амбулатория, 13 спорт кешені және 16 мәдени-демалыс орталығы бой көтереді. Бұған жалпы 122 млрд теңге бөлінген.
Олигополия өкілдерімен арнайы келісім жасалып, олар Қазақстанға 5,2 трлн теңге инвестиция құюға міндеттеме алды. Қаржының нақты қайда жұмсалатыны да белгілі.
Қыркүйек айының басында президент инвесторларға қатысты саясатты түбегейлі өзгерту туралы шешім қабылдаған. Бұрын заңсыз активтерді қайтарумен айналысқан комитет енді инвесторлардың құқығы мен мүддесін қорғайды.

