Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енді. Кәсіпкерлер үшін өтпелі кезең ақпанның соңына дейін жалғасады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, енді елде арнайы салық режимінің 3 түрі ғана қолданылады.
Атап айтқанда, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режим, жеңілдетілген декларация негізіндегі режим және шаруа немесе фермерлік қожалықтарға арналған режим.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режимін жалдамалы жұмысшылары жоқ және жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген азаматтар қолдана алады. Осы санатқа такси қызметі, тамақ жеткізу, курьерлік қызмет, шаштараз сынды өз бетінше жұмыс істейтін мамандар кіреді.
Бектенов үкіметі бекіткен тізімде осындай 40 түрлі қызмет түрі тайға таңба басқандай анық көрсетілген.
2025 жылы патентпен немесе арнайы мобильді қосымша арқылы жұмыс істеген жеке кәсіпкерлер биыл 28 ақпанға дейін салық есебінен шығып, қажет болған жағдайда өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар қатарына өтуі тиіс.
Бұдан бөлек…
Комитеттің ресми мәліметіне сәйкес, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған салық режимі мобильді қосымша арқылы чек берілген айдан бастап қолданылды деп есептеледі.
Ал жеңілдетілген декларация негізіндегі салық режиміне 2025 жылы жалпыға ортақ тәртіп бойынша жұмыс істеген немесе жеңілдетілген декларация режимінде болған барлық салық төлеуші ауыса алады. Ол үшін арнайы хабарламаны 1 қаңтардан 28 ақпанға дейін тапсыру қажет.
«Өткен жылы жалпыға ортақ салық тәртібімен жұмыс істеген азаматтар, оның ішінде былтырғы жылдың соңында арнайы салық режиміне сай келмегендіктен жалпыға ортақ тәртіпке өткендер де жеңілдетілген декларация режиміне ауыса алады. Ол үшін режимнің қолданылу мерзімін биылғы 1 қаңтардан бастап белгілеп, арнайы хабарламаны ақпан айының соңына дейін тапсыру қажет», – деп атап өтті комитет өкілдері.
Комитет мамандарының айтуынша, аталған мерзімде арнайы хабарлама берілмесе, кәсіпкер 1 наурыздан бастап автоматты түрде жалпыға ортақ салық режиміне көшіріледі.
Бұл ретте оның салық төлеу тәртібі 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қайта есептеледі. Осы ссебепті комитет өкілдері кәсіпкерлерді өтпелі кезең талаптарын сақтауға шақырды.
Бұған дейін Қаржымин Мәди Тәкиев жаңа Салық кодексінің кесірінен кәсіпкерлер шетелге кетуі мүмкін алып-қашпа әңгімеге тойтарыс берген. «Басқа елде өмір күшті, салық төмен, шарты жеңіл деп кім айтты?», — деген еді ашуға мінген сала басшысы.

