Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2026 жылға арналған діни күндер күнтізбесін жариялады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оған сәйкес, қасиетті Рамазан айы елімізде 19 ақпанда басталып, 29 күнге созылады. Ораза айт мейрамы 20 наурыз, жұма күні атап өтілмек.
Қадір түні биыл 16 наурыздан 17 наурызға қараған түнге сәйкес келеді. Ислам дәстүрінде ерекше маңызға ие бұл түн адамзат тағдыры белгіленіп, Құранның алғашқы аяттары түскен қасиетті уақыт саналады.
Рамазаннан соң мұсылман қауымын басқа да маңызды күндер күтіп тұр. Арафа күні 26 мамырда, ал құрбан айт мейрамы 27-29 мамыр аралығында өтеді.
Сондай-ақ, 2026 жылы 25 маусымда – Ашура күні, ал Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған күніне орай өткізілетін Мәуліт мерекесі 24-25 тамызға сәйкес келеді.

Діни басқарма атап өткендей, күнтізбе халықаралық астрономиялық орталықтардың дерегіне сүйеніп әзірленген. Мамандардың айтуынша, айдың нақты көрінуіне байланысты хижра бойынша ай басталатын күн бір тәулікке ауысуы мүмкін. Дегенмен жарияланған күнтізбе ел мұсылмандары үшін негізгі бағдар саналады.
Рухани тазару айы
Рамазан рухани тазару, сабырлық пен қайырымдылыққа шақыратын ерекше уақыт. Осы кезеңде ораза ұстаушылар таңнан күн батқанға дейін тамақ-су ішуден, темекі шегуден, жұбайымен жақын қарым-қатынастан, сондай-ақ өсек-аяңнан, жағымсыз әрекеттерден тыйылады.
Ислам діні бойынша, жүкті және бала емізетін әйелдер, денсаулығы нашар, егде жастағы кісілер, жеті жасқа толмаған балалар, сапардағы және басқа объективті себептері бар адамдарға ораза ұстамауға рұқсат етіледі.
Рамазан алдында ниетті түзеп, рухани дайындық жасаған дұрыс. Денені де алдын ала бейімдеп, майлы, ащы тағамдар мен газдалған сусындарды шектеген абзал.
Ораза аяқталған соң мұсылмандар Ораза айтты тойлап, бір-біріне ізгі тілек айтады. Ал құрбан айт мерекесінде Ибраһим пайғамбардың құрбандық шалуы еске алынып, мұсылмандар мал сойып, оның етін туыстары мен мұқтаж жандарға таратады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

