Иранға 48 сағат ультиматум қойып, артынша әскери соққыны кейінге қалдырған Дональд Трамптың мәлімдемесі халықаралық сарапшылар арасында сұрақ тудыруда. Иранның ресми өкілдері АҚШ-пен тікелей келіссөз болмағанын жоққа шығарғанымен, жабық дипломатиялық арналардың жұмыс істегені байқалады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ирантанушы Қуанышбек Қаридың айтуынша, Трамптың «нәтижелі келіссөз» туралы сөзі формалды дипломатиядан гөрі бейресми байланыстарға қатысты болуы мүмкін. Себебі Иран үшін АҚШ-пен ашық келіссөз жүргізу – ішкі саяси тұрғыдан өте сезімтал мәселе. Сол себепті Тегеран әдетте мұндай диалогтарды үшінші тарап арқылы, көбіне жабық форматта өткізеді.
Сарапшының пікірінше, бұл жолы да дәл сондай сценарий қайталанған. Иранның Пәкістан арқылы АҚШ-қа белгілі бір «жолдау» жібергені туралы ақпарат соның дәлелі. Бұған дейін де Түркия мен Оман арағайындық миссиясын атқарғаны белгілі. Алайда Оман арқылы өткен келіссөздерден кейін бірден әскери қақтығыс басталғаны Иран билігінің сақтық танытуына себеп болған.
Қуанышбек Қаридың айтуынша, қазіргі жағдайда АҚШ үшін Иранда келіссөзге қабілетті тұлғаның болуы аса маңызды. Өйткені Израиль Иранның әскери және саяси элитасын жүйелі түрде әлсіретіп жатыр. Осындай жағдайда билік құрылымының ішінде келісімге келуге бейім саясаткерлердің рөлі арта түседі.
Сарапшының пікірінше, Мәжіліс төрағасы Мұхаммад Бақер Қалибоф осындай фигуралардың бірі. Ол ресми түрде келіссөзді жоққа шығарғанымен, оның ықпалы бар екені байқалады. Қалибоф әскери тәжірибесі бар, Ислам революциясы сақшылары корпусымен байланысы сақталған тұлға. Бұл оны Вашингтон үшін маңызды серіктеске айналдыруы мүмкін.
– Қалибоф Иран элитасындағы толық шешім қабылдайтын негізгі фигура емес, бірақ ол қауіпсіздік құрылымдарымен байланысы бар саясаткер. АҚШ үшін дәл осындай тұлғалар маңызды, себебі олар нақты ықпал ету тетіктеріне ие, – дейді Қуанышбек Қари.
Сонымен қатар сарапшы Иран президенті Масуд Пезешкианның да келіссөзге бейім тұлға екенін атап өтеді. Алайда оның әскери құрылымдарға ықпалы жоқ. Осы себепті АҚШ тарапының назары Қалибофқа көбірек ауған болуы ықтимал.
Қуанышбек Қаридың пікірінше, қазіргі жағдайда Иран билігі толық күйремегенімен, қысым күшейіп отыр. Сондықтан реформатор саясаткерлер соғыстан кейінгі кезең үшін қажет ресурс ретінде қарастырылады.
«АҚШ соғыстың ұзаққа созылғанын қаламайды. Ал Иран үшін жүйені сақтап қалу маңызды. Осы екі мақсаттың түйісуі – жасырын келіссөздердің басты негізі», – дейді сарапшы.
Осылайша, ресми деңгейде жоққа шығарылғанымен, АҚШ пен Иран арасындағы байланыс толық үзілмеген. Керісінше, ол жаңа форматқа – жабық, делдалдар арқылы жүргізілетін дипломатияға көшкені байқалады.
Ал белгілі саясаттанушы Тимур Сейітмұратовтың пікірінше, АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранға қатысты әскери операцияны бес күнге тоқтата тұру туралы шешімі екі түрлі саяси астарды білдіретінін айтты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







