АҚШ Иран мұнайына қатысты санкциялардың бір бөлігін уақытша жеңілдетті. Бұл шешім Таяу Шығыстағы шиеленіс пен Ормуз бұғазының жабылуы салдарынан әлемдік энергия нарығында қысым күшейген кезде қабылданды, деп жазады Ertenmedia.kz.
АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессенттің мәлімдеуінше, Вашингтон 30 күн ішінде теңізде тұрған иран мұнайын сатып алуға рұқсат береді. Бұл арқылы нарыққа шамамен 140 млн баррель мұнай қосылып, бағаны тұрақтандыру көзделіп отыр.
Министрдің айтуынша, қазіргі таңда санкциядағы Иран мұнайын төмен бағамен негізінен Қытай сатып алып жатыр. АҚШ осы көлемді әлемдік нарыққа шығарып, ұсынысты арттыруды көздейді. «Бұл бағаны ұстап тұру үшін иран мұнайын өзіне қарсы пайдалану», – деп түсіндірді Бессент.
Алайда Иран тарапы бұл мәлімдемені жоққа шығарды. Елдің мұнай министрлігі өкілдерінің айтуынша, мұндай көлемде теңізде сақталған мұнай қоры жоқ.
Сонымен қатар АҚШ президенті Дональд Трамп Ормуз бұғазы мәселесіне қатысты да пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл стратегиялық өткелді АҚШ емес, оны пайдаланатын елдер қорғауы тиіс. «Қажет болса, көмектесеміз. Бірақ бұл басқа мемлекеттердің міндеті», – деді Трамп.
Соңғы апталарда Ормуз бұғазы іс жүзінде жабылып, әлемдік мұнай тасымалына үлкен әсер етті. Бұл аймақ арқылы әлемдік мұнай мен сұйытылған газдың шамамен 20 пайызы өтеді. Иран әскері бұғаздағы қозғалысты шектеп қана қоймай, аймақтағы мұнай инфрақұрылымдары мен танкерлерге соққы беруде.
Нәтижесінде әлемдік нарықта мұнай бағасы күрт өсті. Сарапшылар бұл жағдай ұзаққа созылса, энергетикалық қауіпсіздікке жаңа тәуекелдер туындауы мүмкін екенін айтады. Жалпы алғанда, АҚШ-тың бұл қадамы – қысқа мерзімді тұрақтандыру әрекеті. Ал негізгі мәселе – геосаяси шиеленіс әлі шешілген жоқ.
Әлеуметтік желіде «Қытайдың Нострадамусы» деген атпен танымал профессор Цзян Сюэцин сайтымызда АҚШ пен Иран арасындағы соғыстың қалай аяқталатынын болжады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







