Әміриканың ішкі қауіпсіздік министрлігі қоғамға қауіп төндіретін шетелдік қылмыскерлердің тізімін жариялады. Тізімде Қазақстанның үш азаматы жүр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Құжат АҚШ көші-қон және кедендік бақылау қызметінің деректері негізінде дайындалған. Мұнда ел ішіндегі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндіретін шетел азаматтарының аты-жөні жинақталған. Құқық қорғау органдары дерекқорды қылмыскерлерді жылдам ұстау әрі шұғыл депортациялау үшін пайдаланады.
Әмірикалық ведомство дерегінше, Алабаманың Бруквуд қаласында қолға түскен қазақстандық азамат шабуыл жасау және ұрланған заттарды иемденгені үшін сотты болған. Тағы бір отандасымыз Флорида штатында ұрлыққа қатысты күдікпен ұсталған. Ал үшіншісі Орегон штатында қарулы шабуыл жасады деген айыппен қамауға алынған.
Министрліктің түсіндіруінше, «ең қауіптілер» санатына ауыр қылмыс жасағандар мен көші-қон заңын өрескел бұзғандар кіреді. Ведомство сайты құқық қорғау органдары бұрынғы президент Трамптың жаппай депортациялау саясатын жүзеге асырып жатқанын ерекше атап өтеді.
«Ішкі қауіпсіздік министрлігі мен көші-қон қызметі бұрынғы президент Трамптың тапсырмасына сай ең ауыр қылмыс жасаған және заңсыз келген мигранттарды жаппай депортациялауды жалғастыруда», – делінген мәлімдемеде.
26 желтоқсанда жаңартылған тізімге жалпы саны 165 елден келген қылмыскерлер енген. Олардың басым бөлігі Латын Америкасы, әсіресе Мексика азаматтары. Жаңа дерекқорда Арменияның 22 азаматы, Қазақстанның үш азаматы, Беларусь пен Грузиядан екі азаматтан, Молдова мен Германиядан бір-бір адам көрсетілген.
Осыған дейін Польша билігі дипломатиялық мәртебесі бар қазақ азаматын тыңшылық жасады деген айыппен тұтқынға алды. Ertenmedia бұл туралы егжей-тегжейлі жазған болатын.

