Журналист Михаил Козачков 200 мың теңгелік параның 52 жастағы полиция қызметкерінің тағдырына қалай әсер еткенін жазды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Алматы қалалық полиция департаментіне қарасты көші-қон қызметі басқармасының ішкі миграцияны бақылау және құжаттандыру бөлімінің бұрынғы бастығы, полковник Жанна Жақыпбаева өз мансабын 200 мың теңгеге бағалаған.
Жанна Қанетқызының өмірі бастапқыда жақсы қалыпта еді. Ол ішкі істер органдарында ұзақ уақыт қызмет атқарып, Серік Күдебаев басшылық еткен тұста, 2018 жылы тұтас бір бөлімнің бастығы болып тағайындалған болатын. Полковник шенін алып, басшылықтың алдында беделі де жоғары еді. Тіпті, үгіт-насихат роликтерінде Алматының құрметті тұрғындары мен жас азаматтарына жеке куәлік тапсырып жүрген сәттері де жиі көрсетілетін.
Алайда 2024 жылдың күзінде күтпеген жағдай болды. Жанна Қанетқызына танысы хабарласып, көмек сұрайды. Оның құрылыс алаңында істейтін өзбекстандық жұмысшысын құжаты дұрыс болмағандықтан полиция ұстап әкеткен. Енді оны елден шығарып жіберу қаупі туындаған. Осылайша, танысы полковниктен әлгі азаматты босатып беруді өтінеді.
Жақыпбаева Алатау аудандық полиция басқармасына телефон шалып, мәселені шешіп беруге уәде етеді. Бірақ бұл қызметті тегін емес, 200 мың теңгеге жасайтынын айтады. Ақшаны алған соң, ол ешкімге қоңырау шалмаған күйі, аударылған соманы өз қажетіне жұмсап жібереді.
Ақыры бұл істің соңы жақсы аяқталмайды. Тергеушілер оны өз кабинетіне шақырып, есепшотындағы 200 мың теңгенің қайдан түскенін түсіндіруін талап етеді. Осылайша Жақыпбаева лауазымды тұлға жасаған алаяқтық бойынша айыпталып, сотқа тартылады.
Мұндай қылмыс үшін 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Алайда айыпталушы өз кінәсін мойындап, істеген ісіне өкінгендіктен, судья Залина Махарадзе оған 2 миллион теңге көлемінде айыппұл салумен шектелген. Сонымен қатар, ол полковник шенінен айырылып, енді мемлекеттік қызметке ешқашан қайта орала алмайды.
Осы ретте сайтымыз Мәжілісте жемқорлықты шектейтін қатаң талапты жұмсартуға күш салғандар туралы жазған болатын.

