Қазақстандағы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) бірінің басшылығы бір жыл ішінде 14 рет сыйақы алған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Депутат Елнұр Бейсенбаевтың сөзінше, басшыларға сыйақы жер қатынастарындағы айрықша «жетістігі» үшін төленген. Жоғары аудиторлық палата жүргізген тексерісте осы корпорацияда жер телімдеріне қатысты заңсыздықтар анықталған.
«Бас аудитор бес жылда ӘКК-ларға 528 миллиард теңге көмек көрсетілгенін анықтады. Соған қарамай тексерілген 13 корпорацияның сегізі 209 миллиард теңге шығынға ұшырап, табысы үштен бірге кеміген», – деді депутат.
Оның айтуынша, корпорациялар қаржыны нақты жобаға құюдың орнына банктегі депозитке салып, процентін алып отырған.
«Егер ӘКК-ның барлық қызметі депозит ашумен шектелсе, мұндай делдалдың қажеті қанша? Қанша жұмыс орны ашылды, тұрғындарға нақты қандай әлеуметтік пайда әкелді деген сұраққа нақты жауап жоқ. Әлеуметтік деген аты бар, бірақ атқарған жұмысы соған сай емес», – деді ол.
Бір жылда 14 рет сыйақы ӘКК не бітірді?
Тексеріс нәтижесінде бюджетке 61 миллиард теңге қайтарылған. ӘКК басшыларының қомақты сыйақы алуы қоғам алдында ақтауға келмейтін жағдай дейді депутат.
«Мәселен, «Ақжайық» ӘКК басшылығы бір жыл ішінде 14 рет сыйақы алған. Мұны жер мәселесіндегі айрықша «жетістігі» үшін берілген болар. Өйткені дәл осы корпорацияда жер қатынасына байланысты бірқатар өрескел әрекет анықталған», – деп ашық айтты Бейсенбаев.
Сондай-ақ депутат мемлекеттен қолдау көрген кейбір компаниялардың әрекетіне наразылық білдірді. Мәселен «ҚазАзот» ЖШС 2022 жылы мемлекеттен 5,4 миллиард теңге несие алып, сол жылы өз акционерлеріне 10 миллиард теңге дивиденд төлеген.
«Бұл алған қарызынан екі есе көп сома. Мемлекет алдында берешегі бар кезде топ-менеджерлердің жеке қалтасын толтыру ақылға сия ма?» – дейді мәжілісмен.
Осы жиында сөз алған Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов та ӘКК жұмысына сын айтып, Үкіметті қып-қызыл шығынға батырып жатқанын мәлімдеген еді.

