Батыс Қазақстан облысындағы «Ақжайық» шағын ауданында 1500 орындық жаңа мектеп салынады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл туралы кеше облыстық мәслихаттың кезекті отырысында айтылды. Сессия барысында депутаттар алдымен тұрақты комиссия төрағаларының есептерін тыңдап, 2025 жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылады. Нәтижелі тұстарымен қатар, әлі де шешімін күткен мәселелер де назардан тыс қалмады. Депутат Борис Лаврентьев өзінің баяндамасын мемлекеттік тілде жасады.
Жиынның маңызды тұсы өңірде іске асатын жаңа жобалар депутаттардың назарына ұсынылды. Облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Парасат Жұмағалиев «Ақжайық» шағын ауданында салынатын мектеп жобасын таныстырды. Жаңа білім ордасы 1500 оқушыға арналған. Бұл нысан өңірдегі басқа мектептердің жүктемесін азайтып, оқушылардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасайды.
Сонымен қатар, ол Зачаганск кентінде мектептен тыс білім беру орталығы салынатынын хабарлады. Бүгінде Зачаганск елді мекенінде 14 мыңнан астам оқушы бар. Алайда балаларды қосымша біліммен қамту жағы кемшін түсіп отыр. Жаңа орталық іске қосылса, жылына шамамен 6 мың бала білім алып, шығармашылық қабілетін дамыта алады.
Ал облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Марат Қуанышалиев Барбастау–Ақжайық–Индер автожолының құрылыс жоспарын таныстырды. Бұл жоба аймақтағы көлік қатынасын жақсартуға ықпал етеді деп күтілуде.
Жиында Ақсай қаласының кәріз жүйесін жаңғырту жобасы да мақұлданды. Бұл туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бейімбет Мусин баяндады. Сонымен қатар, облыстық мәслихат депутаттары ревизиялық комиссия құрамына жаңа мүшені – Нариман Темірғалиевті бекітті.
Жиын барысында депутаттар аймақтағы киік санын реттеу мәселесін де көтеріп, бұл бағытта жедел шаралар қабылдау қажеттігін алға тартты. Осылайша, облыстық мәслихат отырысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды бірқатар жоба мақұлданып, түйткілді мәселелердің шешу жолдары қарастырылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







