Ресейдің Арктикадағы әскери белсенділігінен қауіптенген НАТО жаңа миссияны іске қосып, аймақтағы күштерін күшейтуге кірісті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Альянстың «Арктикалық сақшы» (Arctic Sentry) деп аталатын бастамасы Солтүстік шегінде әскери әлеуетті біріктіріп, аймақты тұрақты бақылауға алуды көздейді. Сарапшылардың пікірінше, НАТО АҚШ-қа «Арктикадағы қауіпсіздікті өзіміз қамтамасыз етеміз, Гренландияны жеке бақылауға алудың қажеті жоқ» деген саяси сигнал берді.
НАТО-ның Еуропадағы Біріккен қарулы күштер штабы жаңа миссияның альянс аумағын қорғау және Арктиканың тұрақтылығын қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті. НАТО-ның Еуропадағы Біріккен күштерінің қолбасшысы, АҚШ ӘӘК генерал-лейтенанты Алексус Гринкевичтің айтуынша, Арктикадағы климат өзгерісі мен геосаяси бәсекелестіктің күшеюі осы аймаққа арнайы әрі кешенді амалдарды талап етеді.
НАТО бас хатшысы Марк Рютте Брюссельдегі баспасөз конференциясында Ресейдің Арктикадағы әскери әрекеттері мен Қытайдың аймаққа деген қызығушылығы Альянстан белсенді шараларды талап ететінін мәлімдеді.
– Arctic Sentry миссиясы НАТО елдерінің әрекеттерін бір жүйеге біріктіреді. Алғашқы кезеңде Данияның «Арктикалық төзімділік» және Норвегияның «Суық жауап» секілді ірі әскери жаттығулары өтеді. Оған он мыңдаған әскер мен Арктикаға арналған арнайы техника жұмылдырылады, – деді НАТО басшысы.
Альянс өкілдерінің пікірінше, Арктиканың қауіпсіздігі енді тек жергілікті елдерге жүктелетін мәселе емес. Мұздардың еруінен ашылған жаңа теңіз жолдары аймақтың стратегиялық маңызын арттырған. Өз кезегінде, Ресейдің НАТО алдындағы ықтимал әрекет алаңын кеңейтеді.
NYT мәліметінше, «Арктикалық сақшы» миссиясы аясында НАТО Солтүстік поляр шеңберіндегі Норвегия, Швеция және Финляндия аумағында әскери санын арттыруды жоспарлауда. Сонымен қатар, альянс Норвег теңізі мен стратегиялық маңызы бар GIUK Gap теңіз дәлізінде (Гренландия, Исландия, Ұлыбритания арасы) патрульдеуді күшейтеді. Бұл сектор Ресей сүңгуір қайықтарының Атлантикаға шығу жолын бақылауға мүмкіндік береді. Аймақта климат жағдайына бейімделген пилотсыз аппараттарды сынақтан өткізу де жоспарланған.
Вашингтондағы стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының (CSIS) дерегінше, Ресей 2025 жылдың басынан Арктикада кемінде 33 әскери маневр өткізген. Оның жартысына жуығы оқу-жаттығулар болған. Ресей әскери инфрақұрылымының негізгі бөлігі Кола түбегінде орналасқан, мұнда ядролық қаруы бар сүңгуір қайықтар шоғырланған.
Контекст
НАТО-ны алаңдататын басты қауіп Ресейдің ядролық қаруы бар сүңгуір қайықтарының Норвег теңізі арқылы GIUK Gap аймағына шығып, Атлант мұхитына ену ықтималдығы. Стокгольмдегі Шығыс Еуропаны зерттеу орталығының сарапшысы Минна Анландердің айтуынша, мұхитқа шыққан соң сүңгуір қайықтарды табу өте қиын, бұл стратегиялық тепе-теңдікті түбегейлі өзгертеді.
Бұдан бөлек, Ресейдің теңіз түбіндегі құбырлар мен байланыс кабельдеріне диверсия жасауы немесе Арктика бағыттарын санкцияларды айналып өтетін экспорттық жол ретінде пайдалануы мүмкін деген қауіп бар.
Осылайша, Арктика климаты күрделі шалғай өңірден ғаламдық геосаяси тартыстың басты алаңдарының біріне айналып отыр. «Арктикалық сақшы» миссиясы – НАТО-ның Арктика аймағындағы ықпалын күшейтуге, Ресей, АҚШ, Солтүстік Еуропа елдері және Қытайдың осы өңірдегі мүдделерін ескеруге бағытталған кешенді қадам.
Ғалымдар 1812 жылы Наполеон Бонапарт бастаған француз әскерінің Ресейден шегінуінің сырын ашты. Егер Бонапарт әскері жұқпалы аурудан зардап шекпегенде орыстар әлі күнге дейін французша сөйлеп жүрер еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

