Астанадағы №22 мектеп-гимназия базасында «Заң және тәртіп» қағидаты аясында оқушыларға арналған тәрбие сағаты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жобаның негізгі мақсаты оқушылардың өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру болып табылады. Сондай-ақ агрессия, қорлау мен төбелес сияқты жағымсыз құбылыстардың алдын алу.
Осы бағытта мектепте құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесулер, интеллектуалдық ойындар және құқықтық турнирлер ұйымдастырылып жатыр. Шаралар барысында заң талаптары оқушыларға құрғақ ереже ретінде емес, нақты өмірлік жағдайлар арқылы түсіндіріледі.
Мектеп ұжымы бұл жұмысты «Адал азамат» бағдарламасы аясында жүйелі түрде жүргізіп келеді. Түсіндірме сабақтар мен ашық диалогтар арқылы балалардың заңға деген көзқарасын өзгерту көзделген. Ережені сақтау жазадан қорқу емес, саналы таңдау екені оқушыларға нақты мысалдар арқылы жеткізіледі.
Мектептің оқу ісі жөніндегі директордың орынбасары Айжан Айыпқызының айтуынша, мұндай тәсіл оқушылардың құқықтық мәдениетін арттырып, мінез-құлқына оң әсер етеді. Балалар заң талаптарының мәнін түсіне бастайды, өз әрекетінің салдарын алдын ала ойлауға дағдыланады.
«Заң және тәртіп» қағидаты оқу жылының соңына дейін жалғасады. Шараларға 1-11 сынып оқушыларымен қатар педагогикалық ұжым мен ата-аналар да тартылады. Шара мектеп, отбасы және қоғам арасындағы өзара жауапкершілікті күшейтуге бағытталған кешенді жұмыс ретінде қарастырылуда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

