Кеше Ресей президенті Владимир Путин Астанаға келді. Ресей басшысының сапары қызу талқыға түсті. Белгілі саясаттанушы Асхат Қасенғали бұл сапардың мәнін және неге ол қызу талқыланғанын түсіндірді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Саясаттанушы әлеуметтік желіде Путиннің сапарын Қытай төрағасының сапарымен байланыстыра сарапқа салды.
«2024 жылдың 2 шілдесінде Қазақстанға Қытай төрағасы Си Цзиньпин келген еді. Оны мемлекет басшысының өзі күтіп алды. Дәл сол сәтте Қазақстанға ШЫҰ саммиті аясында өзге де басшылар келіп жатты. Алайда оларды мемлекет басшысы емес, басқа шенеуніктер қарсы алды.
Сол күндері Астанаға Путин де келді. Оны премьер әуежайда қарсы алды. Ресейлік сайттар сол сәтте жарыса жазды. Олар былай деді: «Си Цзиньпинді Қазақстан президенті әуежайда өзі күтіп алып, сырнайлатып-кернейлетіп жиын өткізді. Астана аспанында Қытайдың туы ұшақтармен бейнеленді. Қазақстан Қытайды Ресейден жоғары қоюда», — деп жарыса жазып жатты. Ресейлік сайттар Қытай басшысының Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгенін, ал қалған басшылар жұмыс сапарымен келгенін айтқысы келмеді. Себебі сапардың статусына сәйкес келген басшыны күтіп алудың өзіндік жөн-жоралғысы болады ғой. Міне, соны жазбады (бәлки жазғысы келмеді, ақпаратты басқаша бергісі келді)», — деді сарапшы.
Асхат Қасенғалидің сөзінше, араға 9 жыл салып Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келіп отыр.
«Жылына Қазақстанға бірнеше мәрте келетін Путин жұмыс сапарларымен келіп отыратын. Алайда 2015-тен кейін мемлекеттік сапармен келмеген екен. Енді келді. Қарашаның 27-сі күні Астанаға ұшағы қонды. Бұл сапардың жөні бөлек, жоралғысы басқа деп БАҚ-тың жазып жатқаны сол болса керек-ті», — дейді ол.
Кеше Путин мен Тоқаев кездесулер өткізді. Сарапшы мұның саяси мәнін бағамдады.
«Экономика мен сауда-саттық айтылды. Қазақстан мен Ресейдің арасындағы сауда көлемі 28 млрд доллар болған дейді. Бұл былтырғы көрсеткіш. Биылғысы желтоқсанда айтылады. Шамамен 30 млрд доллар болып қалуы мүмкін деген болжам бар.
49 жобаны бірлесе атқарамыз, оның құны 29 млрд долларды құрайды деген айтылды. Аталған жобалар 20 мыңнан астам жұмыс орнын беретінін айтты. Солардың бірі Тараздағы «Еврохим» болса керек. Оған 1 млрд доллар инвестиция құйылған екен. «Еврохим» деген маған жақсы таныс. Себебі Жаңатастың көп халқы сонда жұмыс істейді.
Тоқаев та, Путин де «екі елдің арасында дау боларлық мәселе жоқ» дегенді айтуда. Путиннің сөзі мен ісі бір жерден шығар деген ойдамыз (үміттеміз). Біз үшін Ресейдің жауы Батыста, Батыстың жауы Ресейде бола бергені жақсы әрине. Қазіргі статус-кво дәл сондай ғой», — дейді ол.
Асхат Қасенғали Қазақстан Ресейге де, Қытайға да, АҚШ-қа да, Батысқа да әріптес, мүдделес болу статусын сақтап қалса болғаны дейді.