Конституциялық комиссия мүшесі, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Конституциялық реформалар комиссиясының V отырысында ойын ортаға салды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жеңіс Қасымбектің айтуынша, Конституцияға енгізілетін жаңа өзгерістерде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» секілді негізгі идеялық қағидаттарды нормативтік тұрғыда бекіту көзделген.
– «Заң мен тәртіп» қағидаты – Әділетті Қазақстан идеясын нығайтудың негізгі шешімі. Әлем жұрты Қазақстанды азаматтардың құқығы мен бостандықтарын мүлтіксіз сақтайтын ел ретінде таниды. Бұл бастама болашақ ұрпақ үшін бірлік пен ынтымақты, этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтаудың берік іргетасына айналады, – деді Жеңіс Қасымбек.
Сонымен қатар ол дамыған елдерде заң үстемдігі мен тәртіпті сақтау мәдениеті қалыптасқанын атап өтті.
– Заңға құрметпен қарап, тәртіпті ұстану – әр азаматтың міндеті. Мұндай елдер әлемдегі ең қауіпсіз мемлекеттердің қатарында, ал адамдары мемлекеттік институттарға толық сенеді. Бізге де осындай мәдениетті қалыптастыру маңызды, – деді ол.
Жеңіс Қасымбек «Таза Қазақстан» идеясын да ел азаматтарының өмір салтына айналған қағида ретінде бағалады.
– «Таза Қазақстан» – тек экологиялық тазалық емес, бұл ой мен сөздің тазалығы, іс-әрекеттегі жауапкершілік, заң мен қоғамдық құндылықтарға құрметпен қарау, күнделікті өмірде мәдениетті сақтау. Осы құндылықты негізгі қағидаттардың бірі ретінде енгізу азаматтардың қоршаған орта мен болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігін нығайтады, – деді әкім.
Сондай-ақ ол «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының маңызына тоқталды.
– Әр адамды құндылық ретінде бағалайтын бұл қағидат жергілікті мемлекеттік органдардың жүйелі жұмыс істеуін талап етеді. Тұрғындармен тұрақты және конструктивті диалог орнату – өңірлерді кешенді дамытудың негізгі шарты. Сондықтан аталған ұсыныстардың Конституцияда бекітілуін толық қолдаймын, – деді Жеңіс Қасымбек.
Сайтымызда Мәжіліс депутаты Дания Еспаева Конституциялық комиссияның отырысында мемлекетті басқарудың жаңа архитектурасын құру керектігін айтқан болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

