Ұшақта шу шығарған жолаушы әйел қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Астана соты әуеде бортсеріктерге шабуыл жасаған жолаушыға үкім шығарды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, оқиға ұшу кезінде болған. Қызмет сапасына көңілі толмаған әйел екі бортсерікке күш көрсеткен. Абырой болғанда, ешкім зардап шекпеген. Десе де, сот мұны қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу деп бағалады.
Айыпталушы кінәсін толық мойындады. Оның әрекетін зардап шеккен қызметкерлер де растады.
Мемлекеттік айыптаушы әйелді үш жылға бас бостандығынан айыруды талап етті. Жәбірленушілер прокурордың талабын қолдап, жазаны соттың қалауына қалдырған. Айыпталушы өз кінәсін мойындап, кешірім сұрап, бостандығынан айырмауды өтінді.
Сот айыпталушының бұрын сотты болмағанын және қылмыстық жауапқа алғаш рет тартылғанын, іс бойынша жауапкершілікті ауырлататын мән-жайдың жоқ екенін ескерді. Осыны негізге алған сот әйелге төрт жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Сондай-ақ, ол нашақорлықтан мәжбүрлі түрде емделуге жіберілді. Жәбірленушілердің әрқайсысына 1 миллион теңгеден моральдық өтемақы төлейтін болды. Бұған қоса, сот шығындары мен жәбірленушілерге өтемақы қорына міндетті жарнаны өтеуге міндеттелді.
Бұған дейін Астана әкімі Жеңіс Қасымбек қалаға екінші әуежай керек екенін меңзеген болатын.

