Астанада электр энергиясының тарифін көтеру мәселесі қаралып жатыр. Елордада «Астана-РЭК» компаниясының жаңа тариф бекіту туралы өтінімі бойынша қоғамдық тыңдау өтті. Компания басқарма төрағасы Руслан Абжановтың айтуынша, шекті бағаны қосылған құн салығынсыз 1 киловатт-сағат үшін 31,18 теңгеден 35,07 теңгеге дейін көтеру ұсынылған, деп жазады Ertenmedia.kz.
Өсім 12,5 пайызды құрайды. Жаңа тарифтер мақұлданса, 2026 жылғы 5 маусымнан бастап күшіне енуі мүмкін.
Алайда тариф әлі бекітілген жоқ. Астана қаласы бойынша Табиғи монополияларды реттеу комитеті департаментінің мәліметінше, өтінім бір айға жуық қаралуы мүмкін.
«Астана-РЭК» тарифті көтеру қажеттігін электр энергиясын сатып алу және тасымалдау шығындарының өсуімен, KEGOC тарифтерінің қымбаттауымен, баланс нарығы мен қуат нарығындағы шығыстармен түсіндіріп отыр. Сонымен қатар компания бұған дейін тарифті ұзақ уақыт тежеу және халық үшін сараланған баға қолдану салдарынан шығын жиналғанын мәлімдеді.
Тағы бір себеп – Астанада электр энергиясын тұтыну көлемінің артуы. 2026–2027 жылдарға жоспарланған сатып алу көлемі 4,57 млрд киловатт-сағатқа жетіп отыр. Бұл бұрын бекітілген көлемнен 12,2 пайызға көп. Компания мұны қаладағы белсенді құрылыс пен жаңа нысандардың көптеп пайдалануға берілуімен байланыстырады.
Астана-РЭК өтінімі
Халық үшін тариф әлеуметтік тұрғыдан сараланып көтерілмек. Орта есеппен тұрғындар үшін өсім шамамен 10 пайыз болады деп болжанып отыр.
Электр плитасы бар пәтерлер үшін 90 киловатт-сағатқа дейінгі тұтыну тарифі 17,67 теңгеден 20,21 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін. 90-нан 180 киловатт-сағатқа дейінгі тариф 26,45 теңгеден 29,09 теңгеге, 180 киловатт-сағаттан жоғары тұтыну 33,06 теңгеден 36,36 теңгеге дейін өспек.
Электр плитасы жоқ пәтерлерде 70 киловатт-сағатқа дейінгі тұтыну бағасы 17,56 теңгеден 21,39 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін. 70-тен 140 киловатт-сағатқа дейінгі тариф 29,09 теңге, ал 140 киловатт-сағаттан жоғары тұтыну 36,36 теңге деңгейінде ұсынылып отыр.
Бизнес және өзге тұтынушылар үшін тарифті бірден 22 пайызға көтеру ұсынылған. Яғни баға 32,54 теңгеден 39,58 теңгеге дейін өсуі мүмкін. Бюджеттік ұйымдар үшін тариф өзгермейді.
Компания есебінше, тариф көтерілсе, бір бөлмелі пәтердің орташа ай сайынғы төлемі шамамен 383 теңгеге, екі бөлмелі пәтердікі 766 теңгеге, үш бөлмелі пәтердікі 1 148 теңгеге артады.
Тариф өссе, сапа арта ма
«Астана-РЭК» тарифтің негізгі бөлігі ішкі шығын емес, электр энергиясын сатып алу мен тасымалдауға кететінін мәлімдеді. Компания дерегінше, тарифтің 41 пайызы энергия сатып алуға, 36 пайызы тасымалдауға тиесілі.
Сонымен қатар компания қызметкерлердің жалақысын көтеру мәселесін де көтеріп отыр. Қазір тарифке енгізілген орташа жалақы 436,7 мың теңге болса, Астанада осы саладағы орташа жалақы 617 мың теңгеден асады. Жаңа өтінімде қызметкерлердің орташа жалақысын 619,3 мың теңгеге дейін арттыру ұсынылған. Компания төмен жалақы кадр тұрақсыздығына әсер етіп, 2025 жылы қызметкерлердің ауысуы 15,2 пайыз болғанын айтты.
Астанада электр энергиясын тұтынушылар саны да өсіп келеді. 2025 жылдың басында 536,5 мың шарт болса, 2026 жылдың сәуіріне қарай олардың саны 603 мыңнан асқан. Өсім 12,4 пайызды құрады.
Тариф мәселесі тұрғындар үшін сезімтал тақырып. Бір жағынан, қала өсіп, желіге түсетін салмақ артып келеді. Екінші жағынан, коммуналдық төлемнің әр теңгесі халықтың қалтасына әсер етеді. Сондықтан жаңа тариф бекітілер алдында шығынның негізділігі, қызмет сапасы және қаражаттың ашық жұмсалуы мұқият қаралуы тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







