Астанада жұмыс іздеп жүрген азаматтарға қызмет көрсету бұрынғыдан да қолжетімді бола түсті. Енді қала тұрғындары үшін Мансап орталығы үш бірдей мекенжайда жұмыс істеп, жұмыспен қамтуға қатысты қызметті аудандық қағидаға жақындатып отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Елорда әкімдігінің мәліметінше, бүгінде Мансап орталығы Есіл–Нұра аудандары бойынша Достық даңғылы, 13 мекенжайында, Сарыарқа–Байқоңыр аудандары бойынша Бейбітшілік көшесі, 9 мекенжайында, ал Алматы–Сарайшық аудандары бойынша Ахмет Байтұрсынұлы көшесі, 29/2 мекенжайында жұмыс істейді.
Бұл шешімнің мақсаты түсінікті тұрғындарға ыңғайлы жағдай жасау. Яғни жұмыс іздеп жүрген адам қаланың арғы шетіне сабылмай, өзіне жақын орталыққа жүгіне алады. Мұндай тәсіл қызмет сапасын арттырып қана қоймай, халықпен жұмысты жеделдетуге де мүмкіндік береді.
Соңғы үш айдың өзінде Мансап орталығының жұмыспен қамту шараларымен 5160 адам қамтылған. Соның ішінде 2560-ы жастар. Бұл жастар арасындағы жұмысқа орналасу мәселесі әлі де өзекті екенін көрсетеді, әрі орталықтың дәл осы бағытта белсенді жұмыс істеп отырғанын аңғартады.
Әсіресе оқуын енді аяқтап, мамандығы бойынша тәжірибесі жоқ түлектер үшін «Жастар практикасы» бағдарламасы маңызды мүмкіндікке айналып отыр. Бағдарлама аясында айына 130 мың теңге жалақысы бар жұмыс ұсынылады. Қазір 400-ден астам жұмыс беруші осы бағдарлама арқылы 1500 бос жұмыс орнын ұсынып отыр. Бұл жас мамандар үшін еңбек нарығына кірудің нақты жолы.
50 жастан асқан азаматтарға да арнайы қолдау тетігі қарастырылған. Олар «Күміс жас» бағдарламасына қатыса алады. Бағдарлама шеңберінде адамды 3 жылға дейін жұмысқа орналастыру мүмкіндігі бар, ал мемлекет жалақының 70 пайызына дейін субсидия береді. Бұл аға буынның еңбек нарығынан шеттеп қалмауына арналған маңызды қадам.
Сонымен қатар кадр тапшылығын сезініп отырған жұмыс берушілер қысқа мерзімді оқу курстары арқылы өзіне керек мамандарды даярлауға өтінім бере алады. Яғни Мансап орталығы тек жұмыс іздеушіге емес, маман іздеген кәсіпорындарға да нақты құрал ұсынып отыр.
Қазір Enbek.kz электрондық еңбек биржасында 1900 ұйымнан 5000-нан астам бос жұмыс орны жарияланған. Бұл елордадағы еңбек нарығының белсенді екенін көрсетеді. Демек, мәселе тек бос орынның болмауында емес, оны дұрыс бағыттап, дұрыс адамға жеткізе білуде.
Осылайша, Астанадағы Мансап орталығының үш жерде жұмыс істеуі – жай ғана әкімшілік өзгеріс емес. Бұл жұмыс іздеген адамға да, кадр іздеген жұмыс берушіге де жолды қысқартатын, мүмкіндікті жақындататын нақты шешім.
Астанада «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру енді қағаз жүзіндегі ұран емес, нақты қауіптің ішіне кіріп жұмыс істейтін салалардан анық көріне бастады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







