Астана әкімі Жеңіс Қасымбек елордадан Қарағанды бағытына қарай жаңа әуежай салынуы мүмкін деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қасымбектің айтуынша, дәл қазір мұндай жоба қолға алынған жоқ, алайда келешекте іске асуы әбден ықтимал.
«Елорда бас жоспары бойынша болашақта қосымша әуежай салуға арналған бірнеше учаске белгіленген. Әдетте, кез келген астана белгілі бір даму деңгейіне жеткенде екінші, тіпті одан да көп әуежайды қажет етеді. Қазір біз қолданыстағы әуежайдың инфрақұрылымын жаңартып, өткізу қуатын екі есеге арттыруды жоспарлап отырмыз. Дегенмен ұзақ мерзімді болашақта, теміржол желілерінен біршама алыс орналасқанын ескерсек, жаңа әуежай салу мәселесі туындауы мүмкін», – деді әкім.
Жеңіс Қасымбек алдағы уақытта жүк пен жолаушы тасымалы еселеп артса, жаңа әуежай құрылысының қажеттілігі өздігінен пайда болатынын да атап өтті.
Бұған дейін Қасымбек Астананың бюджеті ауа райынан қалай пайда көріп жатқанын айтып берген.

