Қарағандыда Олимпиада чемпионы, боксшы Данияр Елеусіновтің жары Саида Елеусіноваға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Қарағанды облыстық полиция департаменті ресми сауалға берген жауабында мәлімдеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Әңгіме наурыз айының басында қоғам назарын аударған тұрмыстық жанжалға байланысты болып отыр. Жәбірленуші тарап Саида Елеусінова күш қолданды деп мәлімдесе, оның өзі болған жағдайды кәдімгі көршіаралық тұрмыстық дау ретінде сипаттайды.
Сонымен қатар ол кейбір адамдар бұл жанжалды күйеуінің танымал есімі арқылы әдейі ушықтырды деп есептейді. Белгілі болғандай, екі тарап та бір-біріне қарсы арыз жазған.
Майқұдық полиция бөлімінде аталған оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 108-1-бабы, яғни денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру бойынша екі бірдей сотқа дейінгі тергеу тіркелген.
Полиция мәліметінше, қазір іс аясында бірнеше сот-медициналық сараптама тағайындалған. Сол сараптамалардың қорытындысына қарай процессуалдық шешім қабылданады.
«Тергеу барысында бірқатар сот-медициналық сараптамалар белгіленді. Олардың нәтижесіне сәйкес тиісті шешімдер қабылданады. Ал сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталғанға дейін өзге мәліметтер Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілмейді», – делінген полиция жауабында.
Егер Саида Елеусінованың кінәсі дәлелденсе, оған 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынуы мүмкін. Бұдан бөлек, дәл сол көлемде түзеу жұмыстары, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс немесе 50 тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасы да қарастырылған.
Осылайша, қоғамда қызу талқыланған тұрмыстық жанжал енді құқық қорғау органдарының ресми тергеу нысанына айналды. Істің нақты қалай аяқталатыны сараптама қорытындылары мен тергеу нәтижесіне байланысты болмақ.
Таяуда Айдос Сарым қоғамдық-саяси жағдайларға қатысты ойын айтып, сұхбат берген еді. Осы сұхбатта аты аталған саясаттанушы Досым Сәтпаев өз ойын ортаға салды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







