Атом сүңгуір қайығын жанармаймен қайта толтыру бірнеше жылға созылады. Бұл – кәдімгі автокөлікке немесе смартфонға қарапайым зарядтау емес, күрделі әрі қымбат операция, деп жазады Ertenmedia.kz.
АҚШ Әскери-теңіз күштеріндегі атом сүңгуір қайықтарын қайта толтыру және күрделі жөндеуден өткізу (ERO – Engineering Refueling Overhaul) процесі әдетте екі-үш жылды қамтиды. Мысалы, атом авианосецтерін жаңғырту (RCOH) алты жылға дейін созылса, сүңгуір қайықтар одан қысқа уақытта жөнделеді.
Бірақ бұл процесте ешбір асығыстыққа жол жоқ. Себебі ядролық реакторды қауіпсіз ауыстыру және қайықты заманауи стандарттарға сәйкестендіру жұмыстары үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Қайық бірнеше жылға қатардан шыққанымен, АҚШ Әскери-теңіз күштерінде мұндай сүңгуір қайықтар саны жеткілікті. Қазір АҚШ-та ядролық қозғалтқышы бар 71 сүңгуір қайық жұмыс істеп тұр. Оған қоса, жаңалары үздіксіз шығарылуда.
Әрі кейбір жаңа үлгідегі қайықтар, мысалы, «Вирджиния» және «Колумбия» класындағы сүңгуір қайықтары зауыттан шыққаннан кейін 33-43 жыл бойы бір рет те қайта жанармай толтыруды қажет етпейді. Ал «Огайо» мен «Лос-Анджелес» классындағы ескі қайықтарға өмірлік циклының ортасында ядролық отынды ауыстыру қажет.
Ядролық отынды ауыстыру процесі қалай жүреді?
Бұл – аса күрделі, қауіпсіздік тұрғысынан өте мұқият ұйымдастырылған процесс. Сүңгуір қайық алдымен ядролық отынмен жұмыс істеуге арналған арнайы докқа жеткізіледі. Реакторды тоқтатып, суытып, содан кейін ғана ескі ядролық өзекті алып шығады. Бұл үшін қайықтың корпусы арнайы құралдармен кесіліп ашылады. Барлық жұмыс радиациялық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтай отырып жүргізіледі.
Ескі ядролық реактор арнайы қоймаларға жеткізіліп, қауіпсіз жағдайда сақталады. Ал қайыққа жаңа реакторлық өзек орнатылып, содан кейін ол қайтадан жабылып, тексеріледі. Бұл операцияларды жүзеге асыру кезінде қателікке жол беруге болмайды, себебі сүңгуір қайық теңіз астында үлкен қысыммен жұмыс істейді.
Осы күрделі процестен кейін, қайықты жаңғырту кезеңі басталады. Мұнда барлық электрондық жүйелер, қару-жарақ және басқа жабдықтар тексеріліп, заманауи технологиялармен жабдықталады. Жаңарту жұмыстары аяқталған соң, кеменің барлық жүйелері қайтадан мұқият тексеруден өткізіліп, теңіз сынақтарына жіберіледі.
Жанармай толтыруға қанша қаржы кетеді?
Бұл – өте қымбат процесс. Мысалы, атом авианосеці USS George Washington-ды жанармаймен қайта толтырып, модернизациялау 2,8 миллиард долларға түскен және бұл процесс 69 айға созылған. Ал сүңгуір қайықтарды толтыру авианосецтерден арзан болса да, орташа есеппен 600-800 миллион долларға бағаланады.
Дәл осындай процесс «Огайо» класындағы USS Louisiana сүңгуір қайығында пандемияның салдарынан ұзаққа созылды. Оның жаңғырту жұмыстары 40 айға жуық уақытты алып, жалпы 870 000 адам-күн жұмыс атқарылды.
Салыстырмалы түрде айтсақ, жаңа «Вирджиния» класты сүңгуір қайығының құны шамамен 5 миллиард доллар болса, «Колумбия» класының бір кемесі 15 миллиард долларға дейін жетеді. Сондықтан қазіргі уақытта АҚШ әскери-теңіз күштері сүңгуір қайықтарын ешбір қайта толтыруды қажет етпейтін ядролық реакторлармен жабдықтауды жөн санайды.
Ғалымдар 3I/ATLAS каметасының құрамында метанолдың (спирттің бір түрі) мөлшері өте көп екенін анықтады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







