Атырау облысы Жангелдин ауылындағы ізім-ғайым жоғалып кеткен отбасыға қатысты жаңа, қайғылы деректер белгілі болды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мақсот Қарабалин, оның зайыбы Нәсип Үтешқалиева және балалары Мирагүл мен Наурыз былтырғы жылдың қазан айынан ет жақындарымен байланысқа шықпай, хабар-ошарсыз кеткен.
Қазір ғана осы оқиғаға қатысты екі адамның сүйегі табылғаны мәлім болды. Марқұмдардың кім екені әзірге беймәлім, мамандар мәйіттердің жеке басын анықтап жатыр.
Оқиға орнында құқық қорғау органдары мен жедел қызмет өкілдері тергеу амалдарын қолға алған. Әзірге құзырлы органдар ресми пікір білдірген жоқ.
КТК арнасының Атыраудағы тілшісі Жанат Молдашеваның айтуынша, жазғы үйде екі ересек адамның мәйіті көмулі жатқан жерінен табылған. Қылмыстың ізін жасыру үшін олардың үстіне жатын жиһазын қойып кеткен көрінеді.
Контекст
Ertenmedia із-түссіз жоғалып кеткен Жангелдин ауылының төрт тұрғыны туралы егжей-тегжейлі жазған болатын.
Ең алдымен отбасының 30 жастағы ұлы Наурыз жоғалған. Ол үйінен шығып, Ақтау жаққа жұмысқа баратынын айтқан. Бірақ нақты мекенжайын, қандай жұмыс екенін түсіндірмеген күйі хабарсыз кеткен.
Арада біраз уақыт өткен соң, қазан айында оның ата-анасы мен әпкесі де ауылдан шыққан. Туыстары мен көршілеріне дәрігерге бара жатқандарын ғана айтып, қай қала, қай емхана екені туралы ешқандай дерек қалдырмаған. Жоғалғаннан кейін түсініксіз жайттар да орын алған. Көршілерінің айтуынша, үйдегі мал түгелдей сатылып кеткен.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

