Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында тұтас бір отбасының жоғалып кетуіне байланысты тың деректер шығып жатыр деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әлемжеліде тараған жаңа ақпарат ауыл тұрғындарының алаңдаушылығын одан әрі күшейтіп отыр.
Өзін Атыраулық IT-маман ретінде таныстырған азаматтың сөзінше, жоғалған отбасының мүшесі Наурыздың атына тіркелген сим-карталар әлі күнге дейін белсенді пайдаланылуда.
Оның айтуынша, карта иесінің геолокациясы Өзбекстан аумағында тіркеліп, WhatsApp мессенджеріне күніне бірнеше рет кіргені байқалған.
Сондай-ақ отбасының туыстары жоғалғаннан кейін қараша және желтоқсан айына тиесілі зейнетақы төлемдерін біреулердің шешіп алғанын хабарлады. Тіпті үйдегі мал да WhatsApp арқылы жүргізілген хат алмасу арқылы сатылып кеткен. Хабарламалар жоғалған отбасының ұлы атынан жіберілген деседі.
Ақпаратты әлемжеліде жария еткен автордың сөзінше, отбасы мүшелерінің ресми шекарадан өткені туралы дерек жоқ. Алайда, ол Өзбекстанға Түркістан облысы арқылы бейресми жолмен өтіп кетуі мүмкін екенін болжап отыр. Әзірге әлгі мәліметтерді ресми органдар растаған жоқ.
Жоғалған отбасының күйеу баласы Қазақстаннан тыс жерде, атап айтқанда, Бали аралында енесінің банк картасын қолданып жүр деген де ақпарат желіде қызу талқылануда. Бірақ бұл мәлімет те ресми расталмаған күйде.
Контекст
Еске сала кетейік, Жангелдин ауылының тұрғындары Мақсот Қарабалин, әйелі Насип Утешқалиева және балалары Мирагүл мен Наурыздан 2025 жылдың қазан айынан бері еш хабар жоқ. Туыстары отбасының ешқандай ескертусіз, кенеттен жоғалып кеткенін айтады.
Ertenmedia тілшісі із-түссіз жоғалып кеткен Жангелдин ауылының төрт тұрғыны туралы егжей-тегжейлі жазған болатын.
Қазіргі уақытта Атырау облысының полиция департаменті төрт азаматты да ресми түрде іздеуге жариялады. Құқық қорғаушылардың айтуынша, іздеу шаралары тек Қазақстанда ғана емес, ел аумағынан тыс жерде де жүріп жатыр.
«Іздестіру жұмыстары жалғасуда. Тұрғындардан тек ресми ақпаратқа сүйенуін сұраймыз», – деп мәлімдеді полиция өкілдері.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

