Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы қайғылы оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде ақша жинау туралы жалған хабарламалар тарай бастады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Марқұмдардың туысы бұл ақпаратты жоққа шығарды. Әлеуметтік желіде тараған бейнеүндеуде өзін қаза тапқан Максот Қарабалиннің інісі ретінде таныстырған азамат ешқандай қаржы жинау жүріп жатпағанын айтты. Оның сөзінше, белгісіз адамдар «көмек көрсету» сылтауымен жалған ақпарат таратып отыр.
– Әлеуметтік желілер арқылы ешқандай ақша жиналып жатқан жоқ. Мұндай хабарламаларға сенбеңіздер ол өтірік, – деді ол.
Сондай-ақ, барлық жерлеу шығындары марқұмдардың туыстары, ауылдастары мен елді мекен тұрғындарының күшімен ұйымдастырылғаны атап өтілді.
Еске салайық, 6 қаңтар күні ерлі-зайыпты Максот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның мәйіттері өз үйлерінің ауласынан табылған. Жерлеу рәсімі 8 қаңтарда өтті.
Аталған отбасы 2025 жылдың қазан айынан бері жоғалғандар қатарында болған. 25 желтоқсанда туыстары полицияға ресми түрде арыз түсірген. Қазіргі таңда олардың балалары Мирамгүл Қарабалина мен Наурыз Қарабалинның тағдыры туралы ақпарат жоқ. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Атырау облысының Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында тіркелген ауыр қылмысқа байланысты тергеу шаралары жалғасып жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

