Халықаралық іздеуде жүрген қазақстандық блогер Қайсар Қамза Вьетнамның Камрань қаласында тұтқындалды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қазақстан мен Вьетнам құқық қорғау органдары бірлесіп, Интерпол желісі бойынша арнайы операция жүргізген. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, блогер заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін халықаралық іздеуде болған.
Тергеу мәліметіне сәйкес, Қамза әлеуметтік желілер арқылы онлайн-казиноны жарнамалап, аудиторияны құмар ойындарға жүйелі түрде тартқан. Осы заңсыз әрекеттен түскен табыс 100 млн теңгеден асып, криптовалюталық әмиянға аударылып отырған.
Блогерге қатысты іздеу ісі 2026 жылдың 10 қаңтарында Қаржылық мониторинг агенттігінің бастамасымен қозғалған еді.
Тергеу Қамзаның шамамен бес жыл бойы:
- Instagram-дағы 2,4 миллион жазылушысы бар аккаунт арқылы;
- «Қора энтертейнмэнт» атты 368 мың оқырманы бар Telegram-арнасы арқылы;
- Онлайн-казиноға сілтемелер мен промокодтар жариялап, заңсыз әрекетін жалғастырғанын анықтады.
2025 жылы Қамза онлайн-ұтыстарды заңсыз ұйымдастырғаны үшін 1,17 млн теңге көлемінде айыппұл төлегеніне қарамастан, әрекетін тоқтатпаған.
Қайсар Қамза арандатушылық контентімен және салтанатты өмір салтын ашық көрсетуімен танымал болған блогер. Бұған дейін блогердің Үндістанға сапары кезінде жергілікті тұрғындарға агрессивті мінез-құлық танытқаны қоғамда үлкен резонанс тудырған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







