«Қазгидромет» мамандары 4-6 қаңтар аралығында елдегі үш ірі қалада қандай ауа райы күтілетінін жария етті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Алдағы күндері Астанада аяз күшейіп, боран соқса, Алматы мен Шымкентте жауын-шашын мен көктайғақ күтілуде.
Астанада 4 қаңтар күні күн райы бұлттанып, қар жауады. Төменнен соққан боран мен көктайғақ жол қозғалысын қиындатуы мүмкін. Түнде және таңертең тұман түседі. Желдің екпіні секундына 9-14 метрге дейін күшейеді, ауа температурасы күндіз де, түнде де -6-8 градус аралығында.
5 қаңтарда елордада қар жауып, боран күшейеді. Жел оңтүстік-батыстан соғып, жылдамдығы 20 м/с дейін жетеді. Түнгі уақытта аяз қатайып, температура -14 градусқа дейін төмендейді, ал күндізгі уақытта -7-9 градус болады.
6 қаңтарда қар мен боран жалғасып, желдің бағыты солтүстік-батысқа ауысады. Жел екпіні 15-20 м/с-қа жетіп, ауа температурасы түнде -8-10 градус, күндіз -5-7 градус шамасында сақталады.
Алматыдан көктем кетпей тұр
Алматыда 4 қаңтарда жауын-шашын күтілмейді, күн құбылмалы болады. Кей уақытта тұман түсіп, ауа температурасы күндіз +3+5 градусқа дейін жылынады. Түнде 0-2 градус аралығында болады.
5 қаңтарда Алматыда түннен бастап жаңбыр аралас қар жауады. Жолдарда көктайғақ болуы ықтимал.
Жел солтүстік-батыстан секундына 2-7 метр жылдамдықпен соғады. Түнде ауа температурасы -1-3 градусқа дейін төмендеп, күндіз 0+2 градус аралығында сақталады.
6 қаңтарда Алматыда күн жауын-шашынсыз, бірақ тұман түседі. Желдің бағыты солтүстік-шығысқа ауысады. Ауа температурасы түнде -3-5 градус аралығында болса, күндіз 0+2 градусқа дейін көтеріледі.
Шымкент ше?
Шымкентте 4 қаңтар күні ауа райы тұрақсыз болып, қар аралас жаңбыр жауады. Тұман түсіп, көктайғақ байқалады. Солтүстік-шығыстан соққан жел бағытын солтүстік-батысқа өзгертеді. Жел жылдамдығы 7-12 м/с шамасында. Ауа температурасы күндіз +1+3 градус болса, түнде 0-2 градус аралығында.
5 қаңтарда Шымкентте күн ашылады, алайда түнгі және таңғы уақытта тұман түседі. Желдің жылдамдығы 8-13 м/с аралығында сақталып, ауа температурасы түнде 0-2 градус, күндіз 0+2 градус шамасында болады.
6 қаңтар күні де Шымкентте жауын-шашын болмайды. Бірақ түнгі және таңғы мезгілдерде тұман түседі. Жел солтүстік-батыстан секундына 8-13 метрге дейін соғады. Түнде ауа температурасы -3-5 градусқа дейін төмендеп, күндіз +2+4 градусқа дейін жылынады.
Бұған дейін біз еліміздегі ауа райына Жерорта теңізінің қалай әсер ететінін ежіктеп жазған едік.

