Алматыда қоғамдық көліктегі жол жүру ақысын төлеудің бірыңғай цифрлық жүйесі – Avtobys кезең-кезеңімен енгізіле бастады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл туралы Алматы қаласы Жол қозғалысы мен жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасы хабарлады.
Жаңа цифрлық платформа Қазақстан мен Қырғызстанның 24 қаласында сәтті жұмыс істеп тұр. Енді бұл жүйе Алматы қаласының көлік инфрақұрылымын цифрлық басқаруға көшіру аясында енгізіледі. Жүйені отандық Innoforce технологиялық холдингі әзірлеген.
Avtobys жолаушыларға жолақыны төлеудің бірнеше ыңғайлы тәсілін ұсынады. Енді жол жүру билетін банк картасы немесе арнайы көлік картасы арқылы ғана емес, Apple Pay және Google Pay қызметтерімен де төлеуге болады. Сондай-ақ Avtobys мобильді қосымшасы арқылы QR-код, Bluetooth, NFC технологиялары, көліктің жеке нөмірі арқылы төлем жасауға, банктер мен ұялы байланыс операторларының қосымшалары арқылы есеп айырысуға мүмкіндік береді.
Жеңілдікке ие жолаушыларға арналған тарифтерді де онлайн түрде, Avtobys мобильді қосымшасы арқылы рәсімдеуге болады. Бұл қағаз құжаттардан арылтып, сервистік орталықтарға барып уақыт жоғалтуды азайтады.
Әкімдік мамандарының айтуынша, бұл жүйе енгізілген қалалардың тәжірибесі оның тиімділігін көрсетіп отыр. Атап айтқанда, билетсіз жүру саны азайып, жол жүру есебінің ашықтығы артқан. Цифрлық жүйе тасымалдаушыларға тұрақты қаржылық үлгі қалыптастырса, әкімдікке жолаушылар ағыны туралы нақты деректер негізінде шешім қабылдауға мүмкіндік бермек.
Avtobys жүйесі жолаушылар тасымалын басқарудың кешенді платформасы болып табылады. Ол арқылы жолаушылар қоғамдық көліктің қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылап, аялдамаға келу уақытын біле алады, маршруттарды алдын ала жоспарлайды. Ал тасымалдаушылар мен диспетчерлік қызметтер үшін көлік қозғалысын цифрлық бақылау құралдары қолжетімді болмақ. Қалалық басқарма маршруттардағы жүктеме мен субсидиялау көлемі туралы аналитикалық деректерге ие болады.
Қосымшаны пайдалану үшін оны Google Play немесе App Store арқылы жүктеп алып, телефон нөмірі бойынша тіркеліп, смарт-әмиянға ақша салса жеткілікті.
Жүйе қалада біртіндеп іске қосылады: бірінші кезеңде Avtobys жүйесі қоғамдық көліктің бірқатар бағытына енгізіліп, кейін барлық қалалық маршруттарда қолданысқа енеді.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласы әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев троллейбус көлігі одан әрі дамыту ісі қолға алынғанын айтты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

