Автокөліктің артқы бөлігіне орнатылатын спойлерге қатысты көптеген аңыздар мен шындықтар бар, деп жазады Ertenmedia.kz.
Кейбір жүргізушілер спойлер көлікті «ракетаға» айналдырып, жылдамдықты, басқаруды, тіпті жанармай үнемдеу көрсеткіштерін жақсартады деп сенеді. Бірақ бұл қаншалықты рас?
Спойлердің әсері қай кезде сезіледі?
Автоспорт әлемінен шыққан спойлер бүгінде автомобильдің жылдамдығы мен спорттық сипатының символына айналған. Porsche 911 Turbo-ның әйгілі «кит құйрығынан» бастап, жапондық тюнинг автокөліктерге дейін спойлер жоғары жылдамдықты білдіретін стильді аксессуар ретінде танымал. Бірақ шын мәнінде ол қаншалықты тиімді?
Спойлердің негізгі мақсаты көлікке ауа ағындарының әсерін реттеу. Бұл элементтің нақты пайдасын анықтау үшін бірнеше аспектіні талдап көрелік.
Біріншіден, аэродинамика. Спойлер жоғары жылдамдықта артқы бөлікке қысым түсіріп, көліктің жолға жабысуын арттырады. Әсіресе Формула-1 секілді кәсіби автожарыстарда бұл эффект нақты көрінеді.
Алайда, кәдімгі автокөліктерде мұндай нәтиже кемінде 120-150 км/сағат жылдамдықта ғана байқалады. Қала көшелерінде, тіпті кәдімгі трассаларда мұндай жылдамдыққа тұрақты түрде жету қиын. Демек, күнделікті өмірде спойлердің аэродинамикалық пайдасы өте аз, көбінесе жай сән үшін орнатылады.
Екіншіден, басқару. Теориялық тұрғыда, спойлер көліктің басқарылуын жақсартады, әсіресе артқы жетекті, қуатты моторы бар машиналардың артқы дөңгелегін жолға мықтап басуға көмектеседі. Алайда, бұл әсер жарыс трассаларында ғана нақты сезіледі. Қалыпты жолдарда спойлердің басқаруға әсері іс жүзінде байқалмайды.
Үшіншіден, жанармай үнемдеу. Кейбір жүргізушілер спойлер ауа қарсылығын азайтады деп сенеді. Бірақ шын мәнінде, төмен және орташа жылдамдықта спойлер керісінше ауа қарсылығын арттырып, көбірек жанармай жұмсауға себеп болады.
Аэродинамикалық элемент
Идеалды спойлермен жабдықталған автокөлік 160 км/сағат жылдамдықпен бірқалыпты қозғалғанда ғана жанармай үнемдеуі мүмкін. Бірақ күнделікті өмірде мұндай жағдайлар кездесе бермейді.
Ақыр соңында, сыртқы көрініс. Көпшілік жүргізуші үшін спойлердің ең маңызды қасиеті көліктің сыртқы келбетін спорттық, агрессивті әрі әсерлі етіп көрсетуі. Бұл психологиялық әсер жүргізушінің өзін сенімді сезінуіне ықпал етуі мүмкін. Бірақ мұның техникалық сипаттамаларға еш қатысы жоқ.
Сонда неге адамдар спойлердің «сиқырлы күшіне» сенеді? Бұл идея автоспорттан басталып, маркетинг пен поп-мәдениет арқылы көпшілікке таралды. «Форсаж» фильмдеріндегі, видеойындардағы қанатты көліктердің бейнесі адамдардың санасына сіңіп, спойлерді спорттық сипаттың басты белгісіне айналдырды.
Қорытындыласақ, спойлер автокөліктің сипаттамаларын шын мәнінде жақсарта ма? Егер сіз кәсіби автожарыстарға қатысып, жоғары жылдамдықпен тұрақты қозғалыс жасайтын болсаңыз, онда дұрыс таңдалған спойлер көлік көрсеткіштерін шынымен де жақсарта алады. Бірақ қала ішінде немесе күнделікті өмірде оның техникалық әсері жоққа тән. Демек, қарапайым жүргізушілер үшін спойлер – көбінесе сыртқы келбетке арналған әдемі аксессуар ғана.
Айтпақшы, электр көліктер саудасында көшбасшы саналатын Tesla компаниясының сатылым көрсеткіштері төмендеуіне гибрид көліктерге деген сұраныстың артуы себеп болыпты.

