АҚШ-та тұратын қазақ кәсіпкері, Республикалық партия мүшесі Тимур Сейтмұратов Ирандағы жағдайға байланысты Ресейдің Таяу Шығыстағы ықпалы күрт төмендеуі мүмкін деп санайды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Кәсіпкердің пікірінше, Иранның рухани көсемі аятолла Хаменейдің көзін жою және Ислам революциясы сақшылар корпусы (КСИР) басшылығының талқандалуы Мәскеудің Таяу Шығыстағы соңғы тірегін жойды.
Бұған дейін Ресей Венесуэладан, Сириядан айырылып, Оңтүстік Кавказ Түркияның ықпалына өтіп кеткен еді. Енді Иран да Кремльдің қолынан сусып барады.
Бұл жағдай Кремльдің Иранға салған миллиардтаған инвестициясының тағдырын да күмәнді етуде. 2024 жылы ғана Мәскеу Иранның экономикасына, әсіресе газ саласына 8 млрд доллар инвестиция салып, осы елдің ең ірі шетелдік инвесторы атанған-тұғын. Сонымен бірге ресейлік капитал көлік инфрақұрылымына, металлургия мен ауыл шаруашылығына да бағытталған еді.
«Әзірге нақты болжам жасау қиын. Бірақ Таяу Шығыстағы осы бір тектоникалық өзгерістер Украинадағы соғыстың аяқталуына елеулі серпін беруі мүмкін. Әрине, Ресейдің әлі де Қытайдан қолдауы бар. Бірақ Қытай үшін де Венесуэла, Панама және Ираннан айырылу өте ауыр геосаяси соққы. Сондықтан Бейжің енді жаңа жағдайға байланысты терең ойлануы тиіс», – дейді Тимур Сейтмұратов.
Кәсіпкердің пікірінше, Тегеран мен Мәскеудің аймақтағы ықпалының төмендеуі Анкараның Каспий өңірінде күшеюіне мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде Орталық Азия елдерімен бірлесіп, түркі одағын құру идеясын шынайы жүзеге асатын жобаға айналдырып отыр.
«Бес жыл бұрын мұндай сценарий мүмкін емес болып көрінетін еді. Бірақ уақыт өзгерді, жағдай өзгерді», – деп қорытындылады кәсіпкер.
Трамптың Тегеранға неліктен тап бергенін бұған дейін талдап жазған болатынбыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







