Депутат, саясаткер Ермұрат Бапи орыс тілін қолдау жөніндегі халықаралық қор құруға неліктен Қазақстан бастамашы болғанын түсіндірді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Ең бірінші сауал бұл қорға бөлінетін ақшаға кеп тірелді.
«43 миллион теңге деген 100 мың долларға жетпейтін дүние. Бұл Қазақстанның жағдайында көп ақша емес. Әшейін ырым ретінде аюды алдап-сулаудың, алдарқатудың амалы ғой. Екіншіден, орыс тілін қолдау қоры деген Қазақстанда қолдау емес, ол — халықаралық ұйым. Орталығы Сочи қаласында болады. Евразиялық одаққа кіретін елдердің арасында құрылады. Қазақстан мұрындық болған себебі — Президент Тоқаевтың былтырғы Бішкектегі бастамасы.
«Жындының бір аяғы сегіз, бір аяғы тоғыз» деген қазақта сөз бар ғой. Жындының кім екенін біліп тұрған шығарсыздар. Соны алдарқату, соның аптығын басып қоюдың амалы. Бұл — сыртқы саясатқа байланысты дүние. …Тоқаевтың дипломатиялық сыртқы саясатын қолдаймын», — деді депутат NE BOLDY-ға берген сұхбатында
Ермұрат Бапи Қазақстан дәл қазір қандай саясат ұстанып отырғанын айтты.
«Қазір әлемдегі геосаяси жағдай теңселіп тұрған кезде Қазақстан нейтралитет ел ретінде, содан кейін жан-жақтан геосаяси қауіптер төніп тұрған кезде біреуді алдарқатып, «әкебас, көкебас» деген сияқты саясат ұстанбасақ, кімге күшімізді білейтіндей жағдайымыз бар?! Жауын-жауынның арасымен жүретіндей саясат ұстануға мәжбүрміз», — деді Бапи сұхбатында.
Депутат «ортақ тарих жазылады» деген ақпаратқа қатысты да пікір білдірді.
«Ортақ тарих жазамыз деген Қазақстанның бастамасы емес. Ресейдің сыртқы істер министрі Лавровтың айтқаны. Қандай мақсатпен айтты — ол енді үшінші, төртінші мәселе. Ол бір орыс әлемінің сесін көрсету үшін немесе өзінің жетекшілік рөлін көрсету үшін айта салған пікірі болуы мүмкін. Қазақстан тарапынан «ләббай тақсыр» деп жүгіріп жүрген ешкім жоқ. Бірақ ортақ тарих деген сөздің өзі бізге қатерлі», — деді ол.
Бұған дейін де Ермұрат Бапи Мәжіліс мінберінде Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйым құруға қатысты пікір білдірді.
«Әлемдегі күрделі геосаяси жағдайда ядролық қару салдырлай бастады. Осындай жағдайда біз БАҚ, әлеуметтік ресурстар. блог арқылы осы мәселені қоғамға түсіндіруіміз керек. Бұл аспаннан жай түскендей болатын тақырып болады. Бізде бұл тақырып онсызда ушығып тұрған дүние болатын. Діттеп келгенде орыс тілінің тағдырына Қазақстанның алаңдайтын жөні жоқ. Бірақ бұл халықаралық қордың құрылуы — Қазақстан үшін тіл мәселесі емес, сыртқы саясатқа қатысты өте маңызды мәселе», — деп түсіндірді ол.
Айта кетейік, жуырда Мәжіліс отырысында депутаттар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен көтерілген «Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын талқылап, ратификациялап, Сенатқа жолдады.