Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде ел дамуының негізгі белестерін, жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін және алдағы стратегиялық міндеттерді кеңінен тарқатты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мемлекет басшысы ең әуелі Республика күнінің тарихи салмағына тоқталды. Оның айтуынша, осыдан 35 жыл бұрын қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларация Қазақстанның дербес мемлекетке айналу жолын ашқан шешуші құжат болды. Сол күннен бастап сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүр қайта жаңғырып, аз уақыттан кейін ел Тәуелсіздік туын көтерді. Президент егемендікті ұлттың ең қымбат құндылығы деп атап, оны нығайту баршаға ортақ қасиетті парыз екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдарда Қазақстан шекарасын бекітіп, қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, халықаралық аренада танылған мемлекетке айналғанын жеткізді. Оның сөзінше, түрлі сынақтарға қарамастан ел бірлігі мен ішкі тұрақтылықтың арқасында іргелі мәселелер шешілді. Сонымен бірге ол мінсіз жұмыс болмайтынын ашық айтып, елдің ешкімге жалтақтамай, өз жолымен келе жатқанын ерекше атап өтті.
Президент соңғы жылдары басталған саяси өзгерістерге жеке тоқталды. 2019 жылдан бері ауқымды реформалар жүргізіліп, жалпыхалықтық референдум арқылы Конституцияға түзетулер енгізілді. Соның нәтижесінде Парламенттің өкілеттігі кеңейіп, Үкіметтің жауапкершілігі күшейді, Конституциялық сот құрылды, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтына конституциялық мәртебе берілді. Биыл шілдеден бастап кассациялық сот жүйесі іске қосылып, әділеттілікті күшейтуге жаңа мүмкіндік туды. Сонымен қатар ауыл әкімдерін тікелей сайлау толық жүзеге асса, аудан әкімдерінің едәуір бөлігі жаңарды. Осылайша елде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты орныға түсті.
Тоқаев бұл реформалардың аса күрделі халықаралық жағдайда жүзеге асып жатқанын еске салды. Пандемия, санкциялық текетірестер, сауда жолдарының бұзылуы, соғыстар мен қақтығыстар әлем экономикасына ауыр салмақ салғанымен, Қазақстан дер кезінде қажетті шаралар қабылдай алды. Президенттің айтуынша, 2019 жылдан бері ұлттық экономика 16 пайызға өсті, биыл ішкі жалпы өнім 137 триллион теңгеге жуықтайды деген болжам бар. Жан басына шаққандағы ІЖӨ 14 400 долларға жетіп, елдің алтын-валюта резерві 58 миллиард долларға дейін артқан. Сыртқы сауда айналымы да айтарлықтай көбейген.
20 миллион тоннадан астам бидай жиналды
Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыруға басымдық беріліп отырғанын айтты. Әсіресе көлік-логистика саласы стратегиялық бағыт ретінде қарастырылуда. Оның пікірінше, Қазақстан Еуразиядағы негізгі логистикалық хабқа айналуға қабілетті. Осы орайда «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылғанын, биыл 13 мың шақырым автожол салынып не жөнделгенін, жаңа халықаралық әуе рейстері ашылғанын мысалға келтірді. Президент жүк тасымалы жүйесін, әсіресе әуе каргосын одан әрі күшейту міндетін де алға қойды.
Өндіріс, шағын және орта бизнес, құрылыс пен ауыл шаруашылығы салаларындағы өсім де сөз болды. Құрылыс көлемі тәуелсіздік кезеңіндегі ең жоғары деңгейге жетіп, былтыр 19 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілген. Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім екі жарым есеге өскен. Биыл елде 20 миллион тоннадан астам бидай жиналып, экспорттық әлеует артып отыр. Президент Қазақстанның Конституция бойынша әлеуметтік мемлекет екенін еске салып, әлеуметтік саясат тиімді әрі әділетті болуы тиіс деді.
Сөзінде ол білім мен ғылымға ерекше мән берді. Бес жыл ішінде білім саласына бөлінетін қаржы үш есеге артқан, мұғалімдердің жалақысы екі есе өскен, 1200 жаңа мектеп ашылған. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында да көптеген жаңа білім ордасы бой көтерген. Ғылымды қаржыландыру бес есеге көбейіп, шетелдің 33 беделді университетінің филиалы ашылған. Денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы үш есе артқан, 927 медициналық нысан іске қосылған, орташа өмір сүру ұзақтығы 75 жастан асқан.
Президент «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын елдің қауіпсіз болашағы үшін аса маңызды тетік деп бағалады. Оның айтуынша, жемқорлықпен күрес жалғасады, қылмыс пен көшедегі бұзақылық азайған, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері төмендей бастаған. Экология мәселесіне қатысты «Таза Қазақстан» акциясының табысты іске асып жатқанын айтып, миллиондаған гектар жер тазартылып, 4 миллионнан астам ағаш отырғызылғанын жеткізді. Ең маңыздысы, азаматтардың экологиялық сана-сезімі өзгеріп келе жатқанын айтты.
Адал азамат хақында
Тоқаев биыл ел рухын көтерген көптеген жетістікке тоқталды. Оқушылар халықаралық олимпиадалардан мыңнан астам медаль жеңіп алды, спортшылар жаһандық жарыстарда топ жарды, талантты жастар ұлттық өнерді әлемге танытып жүр. Оның пікірінше, Қазақстанды бүгінде рухы биік, мәдениеті ерекше, зияткер ұлт ретінде тани бастаған.
Президент елдің алдағы стратегиялық мақсаты Әділетті, Қауіпсіз, Таза және Күшті Қазақстан құру екенін атап өтті. Ол жастарды ең алдымен Адал азамат етіп тәрбиелеу керектігін айтты. Адал азамат дегеніміз елін, жерін қадірлейтін, заңға бағынатын, білімге ұмтылатын, ұлттық құндылықтарды қолдайтын әрі ел бірлігін нығайтатын тұлға. Президент бәсекеге қабілетті ұлт болу үшін азаматтар заманауи, озық ойлы, еңбекқор әрі жасампаз болуы қажет деді.
Сыртқы саясатқа тоқталған Мемлекет басшысы Қазақстан барша елмен достық қатынас орнатып, өзін сенімді серіктес ретінде танытқанын айтты. Сол арқылы энергетика, көлік, логистика, IT және ауыл шаруашылығы секілді салаларға ірі инвестициялар тартылып жатыр. Қазіргі алмағайып кезеңде салиқалы дипломатияны ұстану айрықша маңызды екенін айтып, әлемде барлық елдің мүддесі ескерілетін әділ халықаралық қатынастар жүйесін құру қажет деген ұстанымын қайталады. Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығы ашылғанын да ірі жетістік ретінде атады.
Мәслихаттардп мажоритарлық жүйені сақталады
Сөзінің маңызды бөлігінде Президент Парламентті реформалау туралы Жолдауында айтқан бастамаларын да түсіндірді. Оның айтуынша, заң шығарушы тармақты реформалау соңғы жылдары басталған саяси жаңғырудың қисынды жалғасы болады. Конституцияға енгізілетін түзетулер Парламентпен қатар Президент, Үкімет және саяси жүйенің басқа да қырларын қамтиды. Сонымен бірге ол Қазақстан күшті президенттік басқару жүйесіне арқа сүйеген мемлекет болып қала беруге тиіс екенін кесіп айтты. Бұл қазіргі тұрақсыз халықаралық жағдайда елдің сенімді болашағының кепілі ретінде бағаланды.
Президент бір палаталы Парламентті пропорционалды сайлау жүйесі арқылы қалыптастыру жөніндегі ұсынысын да негіздеді. Оның ойынша, мұндай модель партиялардың институционалдық негізін күшейтіп, сайлаушылармен жүйелі жұмыс істеуіне жол ашады. Ал жергілікті деңгейде азаматтар билікпен тікелей жұмыс істейтіндіктен, мәслихаттарды сайлауда мажоритарлық жүйені сақтау қажет деп санайды. Мемлекеттік маңызы бар мәселелерде шешуші сөзді халық айтуы тиіс деген ұстанымын тағы бір мәрте қайталап, референдумдар мен қоғамдық талқылауларды жаңа саяси мәдениеттің белгісі ретінде бағалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінде технологиялық және цифрлық серпіліске айрықша назар аударды. Оның айтуынша, Қазақстан цифрландыру көрсеткіштері бойынша әлемдік рейтингтерде жоғары орында болғанымен, мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Елдің стратегиялық міндеті – үш жыл ішінде Қазақстанды толық цифрлық мемлекетке айналдыру. Осы бағытта алғашқы ұлттық суперкомпьютер іске қосылып, «Қазақтелеком» базасында тағы бір қуатты жүйе жұмыс істеп тұр. AI Sana бағдарламасы мен Alatau City жобасы қолға алынған. Президент жасанды интеллект дәуірінде жаңа салалар мен бизнес түрлері пайда болатынын айтып, талантты жастарға қолдау көрсету қажеттігін баса айтты.
Ол экономикалық патриотизм мәселесін де көтерді. Мемлекет басшысының пікірінше, отандық өндірушілерді қолдау, қазақстандық стартаптарға инвестиция салу, ұлттық өнімді тұтыну – бірліктің нақты көрінісі. «Made in Qazaqstan» таңбасы сапа мен сенімнің белгісіне айналуы тиіс екенін айтты. Сонымен бірге шағын және орта бизнесті қолдау мемлекет саясатының басымдығы болып қала беретінін жеткізді. Жаңа Салық кодексіне қатысты айтылған сын-ескертпелерге байланысты Үкіметке нақты тапсырма берілгенін, арнайы салық режиміндегі кәсіп түрлерінің тізімі бұрынғы қалпында сақталғанын мәлімдеді.
Президент сөзінің елеулі бөлігі еңбек адамының қоғамдағы орнына арналды. Ол биыл Жұмысшы мамандықтары жылы аясында адал еңбегімен елдің дамуына үлес қосып жүрген азаматтарды марапаттау жалғасып жатқанын айтты. Осы орайда ауыл шаруашылығы саласында 45 жыл еңбек еткен механизатор Мұрат Қаражұмановқа, кен өндірісінің ардагері Сергей Чернобайға «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілгенін жариялады. Александр Касицин «Отан» орденімен, журналист Сергей Харченко I дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Археолог Зейнолла Самашев пен картография зерттеушісі Мұхит-Ардагер Сыдықназаровқа алғаш рет Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мемлекеттік сыйлық табысталды. Спортшы Шавкат Рахмонов II дәрежелі «Барыс» орденіне ие болды. Сонымен бірге мәдениет, ғылым, ауыл шаруашылығы және этносаралық келісім саласында еңбек еткен көптеген азаматқа жоғары марапаттар берілді.
Контекст
Президент Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арнайы тоқталып, оны ел бірлігінің мызғымас нышаны деп атады. Сондай-ақ ұлттық мәдениет пен руханиятты нығайтуға еңбек сіңірген өнер майталмандарының еңбегі жоғары бағаланғанын айтты.
Сөзінің соңында Мемлекет басшысы қазіргі аса күрделі кезеңде халықты бірлікке, өзара құрметке және нақты іске үндеді. Ол көреалмаушылық, қызғаныш, жікшілдік, біреудің еңбегін жоққа шығару, әлеуметтік желідегі бітпейтін дауға құмарлық өркениетті қоғамға жат құбылыс екенін ашық айтты. Егемендік туралы декларацияны мемлекеттіліктің берік арқауы деп бағалап, Қазақстан ең алдымен ауызбіршілігі мығым, еңбекке құрметі жоғары, болашағына сенімі нық ел болуы керектігін жеткізді.
«Елдігіміз еңселі, егемендігіміз баянды болсын! Көк туымыз мәңгі желбіресін!» деген тілекпен аяқталған сөздің өзегінде бір ғана ой тұрды: Қазақстан өз жолымен дамуын жалғастырады, ал сол жолдың табысты болуы халықтың бірлігіне, еңбегіне, тәртібіне және жаңашыл рухына тікелей байланысты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







