Мемлекеттік қызмет істері агенттігі азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға ерекше мән беріп отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде іске асырып келе жатқан Агенттіктің Түркістан облысы бойынша департаментінің алдына қойылған негізгі міндеттерінің бірі. Халыққа мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, әкімшілік кедергілерді болдырмау және мемлекеттік органдарға деген сенімді нығайту болып табылады.
Осы мақсатта департамент тұрақты түрде мемлекеттік қызмет көрсету сапасына мониторинг жүргізіп, заңнамалық талаптардың орындалуын қатаң бақылауға алған. Азаматтардың арыз-шағымдары мен өтініштерін жедел қарау арқылы олардың құқықтарын қорғауға бағытталған іс-шаралар тұрақты атқарылып отыр.
Дегенмен, кейбір мемлекеттік органдардың өз міндеттерін атқаруда кемшіліктерге жол беретіні байқалады. Ағымдағы жылдың ақпан айында департаментке Аққұм ауылының тұрғынынан азаматтық хал актілерін тіркеу туралы мәліметтерді өзектендіруге қатысты өтініш келіп түсті. Тексеру барысында азаматтың неке қию туралы акт жазбасы тіркеу журналында енгізілгенімен, ақпараттық жүйеге тіркелмегені белгілі болды.
Бұл өз кезегінде азаматқа басқа қызметтерді алу кезінде, атап айтқанда, мүлікті тіркеу, несие алу, өсиет қалдыру сияқты құқықтарын жүзеге асыруда кедергілер тудырған. Осындай әкімшілік кедергілердің салдарынан азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделері шектеліп, олардың мемлекеттік органдарға деген сенімі төмендеуі мүмкін.
Департамент өз құзыреті аясында тез арада әрекет етіп, осы мәселені шешу үшін жауапты мекемелермен бірлесіп тиісті жұмыстарды ұйымдастырды. Соның нәтижесінде 2026 жылғы 19 ақпан күні аталған азаматтың неке қию туралы мәліметтері «АХАЖ» ақпараттық жүйесінде толық өзектендіріліп, тіркеуден өткізілді. Енді азаматша өзінің заңды құқықтарын ешбір кедергісіз жүзеге асырып, қажетті мемлекеттік қызметтерді алуға толық мүмкіндік алды.
Аталған оқиға – мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы заң бұзушылықтар мен кемшіліктердің алдын алу, азаматтардың құқығын қорғау бағытындағы жұмыстардың тиімді жүргізіліп жатқанының нақты мысалы. Алдағы уақытта да Департамент азаматтардың өтініштерін сапалы қарауға, қызмет көрсетудегі олқылықтарды жоюға баса мән береді. Азаматтардың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға бағытталған жұмыстарды жалғастыра бермек. Мұндай кешенді іс-шаралар мемлекеттік қызметтің сапасын арттырып, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауда маңызды рөл атқарады.
Абылайхан НАУРЫЗБАЙ, ҚР, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







