«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келіп, өңірге арналған ауқымды цифрлық жобаларымен таныстырды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Сапар аясында компания басшысы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен кездесті. Басқосуда цифрлық инфрақұрылымды дамыту және өңір халқының өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды жобаларды талқылады.
Кездесу барысында ауылдық елді мекендерді сапалы интернетпен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Аймақ бойынша 737 шақырымнан астам талшықты-оптикалық желі тартылған. Нәтижесінде 63 мыңнан астам үй мен 3 мыңға жуық мемлекеттік және бизнес ұйымдары жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізген. Жалпы, облыс көлемінде компанияның үлесі 73%-ды құрайды. Биылғы жылы жоба аясында тағы 18 ауыл интернет желісіне қосылады деп жоспарлануда.
– «Ауылға интернет» жобасы біздің ең маңызды бағыттарымыздың бірі. Бұл тек цифрлық теңсіздікті азайтып қана қоймай, шалғайдағы мектептер, ауруханалар мен шағын кәсіпкерлікті дамыту арқылы өңір экономикасына серпін беруге мүмкіндік жасайды, – деді Бағдат Мусин.
Сондай-ақ, аймақта инновациялық AI MEKTEP жобасы таныстырылды. Бұл жүйе мектептерде қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, оқу процесін бақылау үшін енгізіліп отыр. Оның ерекшелігі – машиналық көру алгоритмдері арқылы оқушылардың сабаққа қатысуын, тәртібін бақылап, түрлі қауіпсіздік датчиктерімен интеграциялануында.
Министрдің айтуынша, білім саласымен қатар, жасанды интеллект агроөнеркәсіп кешені мен логистика саласында да тиімді пайдаланылуда. Биыл және алдағы жылдың басында өңірде қосымша 20 мыңнан астам үйді интернет желісіне қосу жоспарланған.
– Облыс әкіміне конструктивті диалог пен цифрлық жобаларды қолдағаны үшін алғысымды білдіремін. Бірлескен жұмыс арқылы өңір дамуын жеделдетіп, жаңа технологияларды әрбір тұрғынға қолжетімді етуге мүмкіндік аламыз, – деді компания төрағасы.
Жұмыс сапары барысында Қызылорда облыстық телекоммуникация басқармасында толық жаңартылған техникалық қызмет бөлмесі де ашылды. Заманауи демалыс аймағы, эргономикалық жұмыс орындары мен қызметкерлерге арналған жаңа санитарлық-тұрмыстық бөлмелер қарастырылған.
– Сандық жүйелердің тиімді жұмыс істеуі кәсіби мамандарға байланысты. Байланысшыларымыз ауа райының қиындықтарына қарамастан халықты үздіксіз байланыспен қамтамасыз етеді. Оларға жайлы жұмыс жағдайын жасау – еңбектеріне деген құрметіміздің белгісі, – деп атап өтті Бағдат Мусин компания қызметкерлерімен кездесуде.
Контекст
Сонымен қатар, басқарма төрағасы өңірдегі мыс кабельдерін заманауи оптикалық талшықты желілерге ауыстыру барысымен танысты. Биыл шамамен 20 мың абонентті жаңа желіге қосу көзделген.
Қызылорда облысында өңірлік деректерді өңдеу орталығын құру және оның қуатын 1 МВт-қа дейін арттыру мүмкіндіктері де талқыланды.
Жалпы, сапарды қорытындылай келе, Бағдат Мусин өңірдің цифрлық өзгерістерге белсенді бейімделіп жатқанын атап өтті. «Қазақтелеком» компаниясы Қызылорда облысында Smart City тұжырымдамасын кеңейтіп, 5G желісін дамытуды және цифрландыру бағытындағы бастамаларын жалғастыра бермек.
Тілшілеріміз Жетісу облысында соңғы үш жылда 1,5 трлн теңге инвестиция тартылғанын жазған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

