Желі қолданушысы Анатолий Иванов Алматыдағы әл-Фараби даңғылы түнгі уақытта «жарыс алаңына» айналып кеткенін айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша, бай-манаптың балалары белгіленген сағатына 80 км жылдамдық режиміне пысқырып та қарамайды. Олар түнде жылдамдықты 150-200 км-ге дейін асырып, қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіруді әдетке айналдырған. Жақында болған Zeekr 9X автокөлігінің қарсы бағытқа шығып кетіп, үш адамның өмірін қиған оқиға да осы мәселенің салдары екені анық.
Автордың ойынша, мұндай мәселе тек Алматыға ғана емес, Астанаға және басқа қалаларға да тән. Шешім ретінде ол Әзербайжанның тәжірибесін ұсынады.
2017 жылы Бакуде шенеуніктің немересі қатысқан өлімге әкелген жол апатынан кейін, президент Ильхам Әлиев қатаң мәлімдеме жасап, шенеуніктерге балаларының жол ережесін бұзғаны үшін жұмыстан шығарып, балалары қамауға алынатынын ескерткен болатын. Мұндай «тікелей тәртіп» әдісі нәтиже беріп, көптеген жоғары лауазымды шенеуніктер қызметтерінен босатылып, жол-көлік оқиғалары күрт азайған.
Анатолий Ивановтың айтуынша, Қазақстан да осы тәжірибені қолданса, тәртіп орнап, жолдағы қайғылы оқиғалар айтарлықтай азаюы мүмкін. Сондай-ақ, ол Әзербайжан Ішкі істер министрлігі жол ережесін бұзған жастарды ұстап, олардың ата-аналары туралы ақпаратты жариялап отыруға міндеттелгенін де мысалға келтірді.
Сарапшының пікірінше, Қазақстанға дәл осы Әзербайжан тәжірибесін қолдану пайдалы болуы мүмкін. Мұндай қатаң шаралар мен қоғамдық бақылау жолдардағы жағдайды жақсартуға септігін тигізеді деп санайды.
21 наурыз күні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында Zeekr 9X маркалы автокөлігі қарсы бетке шығып кетіп, «Мерседеспен» бетпе-бет соқтығысқан. Жантүршігерлік апат салдарынан «Мерседестің» ішінде отырған үш адам 29 жастағы жүргізуші және 22 мен 20 жастағы екі жолаушы қыз қаза тапқан.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







