Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы банкоматтан ақша алған адамдардың деректер базасы құрылды деген ақпараттың жалған екенін хабарлады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Орталық бұл мәліметтің манипулятивті сипатқа ие екенін және шындыққа сәйкес келмейтінін ресми түрде мәлімдеді.
ҚР Ұлттық банкі елде банкоматтар арқылы қолма-қол ақша алу фактілері бойынша қандай да бір тізілім немесе деректер базасы қалыптастырылмайтынын нақтылап отыр. Яғни, азаматтардың қанша рет және қандай көлемде қолма-қол ақша алғаны туралы орталықтандырылған есеп жүргізілмейді.
Ақша алғанда бақылауға алынбайсыз
Сонымен қатар банкоматтарда орнатылған бейнебақылау камералары азаматтарды бақылау немесе деректер жинау құралы емес, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қолданылады. Мұндай камералар алаяқтық пен ұрлықтың алдын алуға, даулы жағдайлар туындаған кезде оқиғаларды тексереді. Сонымен қатар құқық бұзушылық фактілерін тергеу барысында дәлел ретінде пайдалануға арналған.
Бейнежазбалар банк клиенттері мен қаржы ұйымдарының мүддесін қорғауға бағытталған техникалық қауіпсіздік тетігі саналады.
Аталған талаптар Ұлттық банкі басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы №205 қаулысымен бекітілген. Құжатқа сәйкес банктер банкоматтарда төлем карточкасын пайдаланушының бет-жүзін тіркеуге мүмкіндік беретін кемінде бір бейнекамера орнатуға міндетті. Бейнежазбаларды сақтау мерзімін біріздендіру мақсатында 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап банктер бейнеақпаратты кемінде 180 күнтізбелік күн сақтау талаптарын орындауы тиіс.
Қолданыстағы заңнамада банкомат арқылы қолма-қол ақша алатын тұлғаларды алу жиілігіне немесе алынған сомаға қарамастан тіркеу жөнінде өзге талаптар қарастырылмаған. Бұл ретте азаматтардың жеке деректерін жаппай жинау немесе қаржылық әрекеттерін бақылау туралы ақпараттар негізсіз болып саналады.
Осыған байланысты Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы контент жасаушыларды құқықтық нормаларды бұрмалап түсіндіруден және қоғамда негізсіз алаңдаушылық тудыратын мәліметтерді таратудан бас тартуға шақырады. Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда әрбір Қазақстан азаматы уәкілетті мемлекеттік органдарға «eOtinish» ақпараттық жүйесі арқылы ресми сауал жолдап, расталған әрі шынайы ақпарат алу құқығына ие.
Айтпақшы, Премьер Бектенов әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігінің басқаруына өткізу туралы шұғыл тапсырма берді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

