Банкке түскен дақ: Жерлестерін алдаған алаяқ банкирдің хикаясы
«БанкЦентрКредиттің» топ-менеджері Біржан Нәбиев таныстарын Құрбан айт кезінде ірі қара мал саудасына ақша салуға көндіріп, ақыры олардың қаржысына жаңа «Тойота Камри» сатып алғаны үшін сот алдында жауап берді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оқиға былай өрбіген. 2022 жылдың жазында банктің ірі және орта бизнес сегменті бойынша кредиттік тәуекелді бағалау дирекциясын басқарған Біржан Нәбиев Семейден келген жерлестерімен танысып, олардың арасында достық қарым-қатынас орнайды. Кейін ол жаңа таныстарына Шығыс Қазақстан облысынан семіз бұқаларды сатып алып, Алматыда Құрбан айт мерекесі кезінде қайта сатып, мол табысқа кенелуді ұсынады.
Нәбиевтің есептеуінше, әр бұқадан кем дегенде 100 мың теңге таза пайда түсуі тиіс еді. Ол логистика мен сатылым мәселелерін толық өз мойнына алуға дайын екенін айтып, 80 бас мал сатып алуға шамамен 25 миллион теңге қажет екенін жеткізеді. Сенген екі танысы Биржанның ұсынысына келісіп, оған сұраған қаражатын толық көлемде берген.
Алайда қолына ақша тигеннен кейін Нәбиев ешқандай мал сатып алуға әрекет жасамай, бірден автосалонға барып, үш жетілік VIP-нөмірі бар жаңа «Тойота Камри» көлігін сатып алған.
Біраз уақыт өткеннен кейін инвесторлар ақшаның қайда кеткенін сұрап мазалай бастайды. Ал банкир болса кездесуден жалтарып, қоңыраулар мен хабарламаларға жауап беруден қашқақтайды. Ақыры бір күні ол қаражаттың барлығын көлік алуға жұмсағанын мойындап, жақын арада қайтарып беремін деп ант-су ішеді.
Дегенмен ақшадан да, уәдеден де күдер үзген инвесторлар 2023 жылдың соңында полицияға арыз түсіреді. Осы арыз негізінде қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп, 2025 жылдың күзінде Нәбиев сот алдында жауап береді.
Сот процесінде банкир өз кінәсін мойындаудан бас тартып, ешкімнен ақша алмағанын, тағылған айыптардың негізсіз екенін айтып ақталуға тырысты. Алайда судья Залина Махарадзе бұл жауаптарды негізсіз деп таныды, себебі жәбірленушілер ақшаны нақты бергенін дәлелдейтін айғақтар ұсынған болатын.
Нәтижесінде сот Біржан Нәбиевті алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айырды. 31 желтоқсан күні ол тергеу изоляторына қамалды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Айтпақшы, мемлекет қаржысын жымқырып, сотталған банкир Жомарт Ертаев өткен жылы бостандыққа шығып, артынша қайтадан қамауға алынған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







