Қазақстанда жеті жыл бойы тыйым салынған ағымдағы шоттағы ақшаға сыйақы төлеу тәртібі қайтадан іске қосылады. 19 наурыздан бастап елде «Банктер және банк қызметі туралы» жаңа заң күшіне енеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Заңмен бірге Азаматтық кодекске енгізілген түзетулерге сай енді банктер ағымдағы шоттардағы қаражатқа жылдық 1%-ға дейін сыйақы төлей алады. Төлем бұған дейін жеті жылға жуық заңмен шектелген болатын.
Сыйақы қалай есептеледі?
Банк күн сайын шоттағы қаражат көлемін анықтап, дәл сол сомаға жылдық 1 пайыздан аспайтын мөлшерде сыйақыны есептейді. Егер шоттағы ақша сомасы өзгеріп тұрса, сәйкесінше пайыз мөлшері қайта есептеліп отырады.
Мысалы, егер клиенттің ағымдағы шотында 100 мың теңге болса және сыйақы мөлшері 1 пайызды құраса, бір жыл ішінде шамамен 1 мың теңгеге дейін табыс табуға болады.
Мұндай сыйақы төлеу тәртібі Қазақстанда алғаш рет 1999 жылы енгізілген. Алайда 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Азаматтық кодекске өзгеріс енгізіліп, ағымдағы шоттағы қаражат үшін сыйақы төлеуге толық тыйым салынды. Ұлттық банк сол кезде мұны ағымдағы шоттардың тек күнделікті операция мен төлемдер үшін арналғанымен түсіндірген еді.
Айта кетейік, биыл 16 қаңтарда президент Тоқаев жаңа банк заңы мен бірқатар өзгерістерге қол қойған болатын. Жаңа заң банктер қызметіне бақылауды күшейтіп, клиенттердің құқықтарын қорғауды жетілдіреді, сонымен қатар цифрлық қаржы активтері мен жаңа банк лицензияларының түрлерін реттейді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







