Қазақстандық банктер жеке тұлғалардың есепшоты туралы мәліметті салық органдарына беруге міндеттеледі деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) банк құпиясына қатысты жаңа ережелердің аясын нақтылады.
Біріншіден, салық органдарының сұранысы бойынша банктер жеке тұлғалардың шоттары, ондағы қаражат қалдығы мен қозғалысы, сондай-ақ кредиттер туралы ақпаратты 10 жұмыс күні ішінде тапсыруға тиіс.
Салық кодексінің 55-бабы 2-тармағының 22-тармақшасына сәйкес, банктер күнтізбелік жыл ішінде POS-терминал арқылы жеке кәсіпкердің, заңды тұлғаның немесе жеке тәжірибемен айналысушы азаматтың есепшотына түскен қаржы туралы деректерді де фискалды органдарға ұсынады.
Екіншіден, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Қаржы министрлігінің ережесіне сәйкес, банктерге мобильді төлемдер мен POS-терминалдар арқылы түскен қаражат туралы мәліметтерді де тапсыру міндеті жүктеледі.
«МКК жыл сайын тіркеуде тұрған салық төлеушілердің категориясын анықтап, тізімді банктерге жолдайды. Өз кезегінде банк мекемелері аталған сұраным түскеннен кейін 20 жұмыс күні ішінде белгіленген формада ақпарат беруге міндетті», – деп түсіндірді ведомство өкілдері.
Сондай-ақ…
Жеке есепшоттарда кәсіпкерлік қызмет белгісі байқалса, яғни бір тұлғаға үш ай қатарынан 100-ден аса жеке тұлғадан 12 ең төменгі жалақы (1,02 млн теңге) мөлшерінен асатын қаражат түскені анықталса, банктер бұл туралы салық органдарына тоқсан сайын есептік кезең аяқталғаннан кейінгі айдың 15-іне дейін хабарлап отыруға міндетті.
МКК түсіндіруінше, Салық кодексінің 86-бабы 2-тармағының 4-тармақшасына сәйкес, камералды бақылау нәтижесінде анықталған сәйкессіздіктер туралы ескертуді орындамаған жағдайда, банктік есепшоттар бойынша шығыс операциялары тоқтатылады.
Мұндай жағдайда салық төлеушіге түсініктеме беруге 30 жұмыс күні беріледі. Егер түсініктеме берілмесе немесе ақпараттың дұрыстығына күмән туындаса, салық органы тексеру жүргізеді.
Алайда жеке мақсаттағы мобильді аударымдарға бұл ереженің қатысы жоқ. Мұндай аударымдар салық бақылауына жатпайды, әрине, олар кәсіпкерлік қызметке байланысты болмаған жағдайда.
Ведомство өкілдері банктен алынатын ақпарат тек салық әкімшілігі үшін пайдаланылатынын, деректер қатаң қорғалған, жабық жүйеде сақталатынын мәлімдеді.
«Ақпаратқа қол жеткізе алатын қызметкерлер саны шектеулі. Олар деректердің құпиялығы үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік арқалайды», – деді комитет өкілдері.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

