Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов конституциялық реформаның негізгі бағыттарына тоқталды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша, қазір әлемде халықаралық құқық жүйесі әлсіреп, бұрынғы тұрақтылық пен сенімділік жоғалып бара жатыр.
«Ғаламдық тәртіп көз алдымызда өзгеруде. Халықаралық қатынастардағы белгісіздік күшейіп келеді. Қазақстан үшін сыртқы тұрақтылықты қамтамасыз ету ішкі саяси тұрақтылыққа тікелей байланысты», – дейді депутат.
Марат Бәшімов Қазақстанның берік ішкі тұрақтылығын нығайту үшін Конституцияны одан әрі жетілдіру аса маңызды екенін атап өтті. Оның пікірінше, бір палаталы парламентке көшу мемлекеттік басқару тиімділігін арттырып, саяси жүйенің жаңа сапасын қалыптастырады.
Депутат осы ретте саяси партиялардың шетелдік ұйымдардан, өзге мемлекеттерден және азаматтығы жоқ тұлғалардан қаржылай қолдау алуына қатаң тыйым салынуы қажет екенін айтты.
«2026 жылғы конституциялық реформаның негізгі ұстанымы адамға бағдарланған саясат. Әр адамның құқығы, бостандығы мен қадір-қасиеті мемлекеттен берілмейді, ол дүниеге келген сәттен бастап әркімге тиесілі. Сондықтан реформаның басты мақсаты азаматтардың конституциялық құқықтарын нақты қорғау және мемлекеттік басқарудың сапасын көтеру», – дейді ол.
Сондай-ақ депутат реформаның негізгі тірегі ретінде Президент Ұлттық құрылтайда атап көрсеткен жалпыұлттық құндылықтарды атады. Олар тәуелсіздік пен патриотизм, бірлік пен ынтымақ, әділеттілік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбексүйгіштік пен кәсібилік, жасампаздық пен жаңашылдық.
Бәшімовтың пікірінше, ұсынылып отырған конституциялық өзгерістер Қазақстанның дамуына серпін беріп, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтады, сондай-ақ азаматтардың құқықтарын барынша тиімді қорғауға жол ашады.
Айта кетелік, аталған жиында мемкеңесші Ерлан Қарин бір палаталы Құрылтайдың құзыреті туралы маңызды ұсыныстарды ортаға салған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

