Бүгін Батыс Қазақстан облысы әкімі Нариман Төреғалиев өңірдегі ірі кәсіпорындардың жетекшілерімен кездесті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Кездесуде жаңа Конституция жобасы жан-жақты талқыланып, өңірдегі бизнес өкілдері реформаны толық қолдайтынын жеткізді. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев өз сөзінде Конституцияның жаңа редакциясында халықтың ұсыныс-пікірлері кеңінен қамтылғанын айтты. Сонымен қатар құжаттың тек мамандар үшін емес, жалпы қоғам үшін аса маңызды екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы бастамашылық еткен бұл конституциялық реформа – соңғы жылдары жүргізілген ауқымды саяси өзгерістердің жалғасы. Жаңа Ата заңды талқылау әр азаматтың парызы, өйткені бұл құжаттағы нормалар мен қағидаттар еліміздің болашағына, ұрпағымыздың тағдырына тікелей ықпал етеді, – деді аймақ басшысы.
Жиынға қатысқан облыстық мәслихат төрағасы, «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» облыстық коалициясының жетекшісі Мұрат Мұқаев Конституциялық комиссияның атқарған жұмысына тоқталды. Оның айтуынша, жаңа құжат қоғамдағы барлық пікірлер мен ұсыныстарды ескере отырып, жан-жақты сараптамадан өткен.
Облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев болса, жаңа Конституция жобасы мемлекет пен кәсіпкерлер арасында сенім мен ұзақмерзімді серіктестік қалыптастыратынын айтты. Сондай-ақ, ол жергілікті бизнес өкілдерінің осы маңызды кезеңде де белсенділік танытатынына сенім білдірді.
«КПО Б.В.» компаниясы бас директорының орынбасары Мұхтар Манкеев Конституциялық реформа бизнесті қолдау мен инвестициялық климатты жақсартудың берік құқықтық негізі екенін жеткізіп, компания ұжымы жаңа Ата заң жобасын толық қолдайтынын айтты.
Контекст
Ал «Жайық ет» компаниясының құрылтайшысы Темірғали Ескендіров пен «ПСП Серик» ЖШС бас директоры Серік Мерғалиев жаңа құжат кәсіпкерлерге үлкен жауапкершілік жүктейтінін атап өтті. Олардың пікірінше, еңбекке адалдық, кәсіпке құрмет, елге жанашырлық секілді құндылықтардың маңызы жаңа Ата заң қабылданған соң одан әрі арта түспек.
Кездесуге стратегиялық маңызы бар «Квант», «Оралагрореммаш», «Орал Зенит зауыты», «Орал трансформатор зауыты», «Жайықмұнай», «Кублей», «Пойма май комбинаты» және басқа да ірі коммуналдық кәсіпорындар мен компаниялардың жетекшілері қатысты. Олар жаңа Конституция әділ бәсекелестік пен құқықтық тұрақтылықты қамтамасыз ететініне сенімді екенін жеткізіп, бұл маңызды саяси реформаны бірауыздан қолдады.
Күні кеше ғана БҚО-да «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты өңірлік коалиция өз жұмысын бастағанын тілшілеріміз жазған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

