Бауыр аурулары туралы біз әдетте оң жақ қабырға астындағы ауырсыну мен көздің ақ бөлігінің сарғаюы сияқты белгілер арқылы білеміз. Бірақ бұл белгілер көбінесе тым кеш пайда болады. Ол кезде ағзамыздағы «табиғи сүзгі» бауырды емдеу әлдеқайда қиынға соғады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бір өкініштісі, көптеген адам ұзақ жылдар бойы бауырының қатты зардап шегіп жүргенін білмей өмір сүре береді. Себебі бауыр өте шыдамды орган, ол ұзақ уақыт бойы ешбір белгі бермей-ақ зиянды әсерлерге төзе алады. Сондай-ақ бауыр ауруына шалдыққандардың арасында алкоголь ішпейтіндер де бар. Мысалы, бүгінде кең таралған алкогольді емес майлы бауыр ауруы (НЖБП) көптеген адамға тән.
Бауыр ағзамызды зиянды заттар мен токсиндерден тазартумен қатар, 100-ден аса функцияны орындайды. Оның ішінде майды сақтау, гормондардың тепе-теңдігін реттеу де бар.
Дәрігерлердің айтуынша, бауыр ағзамыздағы регенерацияға (өзін қалпына келтіруге) қабілетті жалғыз орган. Бір ай ішінде ол өз көлемінің шамамен жартысына дейін қайта қалпына келе алады. Бірақ бұл оның осалдығы жоқ дегенді білдірмейді.
«Бауыр басқа органдармен салыстырғанда ерекше қалпына келу мүмкіндігіне ие. Алайда көбіне жағдайымыздың жақсы екеніне сенімді боламыз… Бір күні кенет бәрі нашарлап кеткенше», – дейді бауырды зерттеуге 20 жыл өмірін арнаған дәрігер Куин Уиллс Daily Mail басылымына берген сұхбатында.
Бауыр жасыңыз қаншада?
Жақында неміс және швед ғалымдары ересек адамның сау бауыры орта есеппен үш жастан аспайтынын анықтады. Гепатоцит деп аталатын бауыр жасушалары шамамен бір жыл өмір сүреді, ал олардың басым көпшілігі үш жылдан аспайды. Осыдан кейін жасушалар өз көшірмесін жасап, өліп кетеді.
Осы ақпаратты негізге ала отырып, Daily Mail басылымы бауырдың «шамамен жасын» анықтайтын шағын тест дайындаған. Ол үшін төмендегі 6 сұраққа жауап беріп, нәтижесін санау жеткілікті:
Базалық бауыр жасы – 3 жыл.
Сіз үнемі алкоголь ішесіз бе? Ер адамдар аптасына 15 порциядан астам, ал әйелдер 8 порциядан астам алкогольді 20 жылдан бері тұрақты түрде ішіп келе ме? Бір порция алкоголь шамамен 10-12 г этанолға тең: мысалы, 330 мл 5%-дық сыра немесе 150 мл шарап. (+1 жыл)
Салмағыңыз артық немесе семіздік бар ма? Ерлерде бел көлемі 90 см-ден, әйелдерде 79,7 см-ден асып кете ме? (+1 жыл)
Сізге II типті қант диабеті диагнозы қойылған ба? (+1 жыл)
Сіз II типті диабетпен 10 жыл не одан көп уақыт ауырып келесіз бе? (+1 жыл)
Дұрыс тамақтанасыз және спортпен айналысасыз ба? (-0,5 жыл)
Күніне екі шыныаяқ қара кофе ішесіз бе? Кейбір зерттеулер күніне екі шыныаяқ кофе ішу бауырдың қартаюын бәсеңдететінін көрсетеді. (-0,5 жыл)
Егер нәтижеде бауырыңыздың жасы үш жылдан көп шықса, бұл бауырға қосымша ауыртпалық түсіп жатқанын және асқыну қаупі жоғары екенін білдіреді. Мұндай жағдайда дәрігерге барып, бауырды тексертіп, алдын ала шаралар қабылдаған жөн.
Тест сұрақтарынан аурулардың алдын алудың қандай шаралары бар екені белгілі: артық салмақтан арылу, физикалық белсенділікті арттыру, дұрыс тамақтану, алкоголь тұтынуды шектеу немесе одан мүлде бас тарту және қандағы қант деңгейін бақылауда ұстау. Дәрігер Уиллс атап өткендей, салауатты өмір салтын ұстану – бауырды қорғаудың ең тиімді жолы.
Холестерин туралы көптеген адамдарда қате түсінік қалыптасқан. Біреулер оны толығымен зиянды деп санаса, енді біреулер оның маңызына жеткілікті көңіл бөлмейді. Анығын біздің тілшілер жазды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







