Белгілі продюсер Баян Алагөзова Qazaq Ordasy арнасына берген сұхбатында қоғамдағы өткір мәселелерге батыл пікір білдіріп, алда болатын «Алтын Ханым» байқауына дайындық барысын баяндады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері сұхбат барысында ең алдымен радикализмнің зиянына тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан зайырлы мемлекет, сондықтан радикал көзқарастарды қоғамға таңуға жол беруге болмайды. Продюсер хиджаб тақырыбын да айналып өтпеді.
«Мен дінге қарсы емеспін. Мен радикализмнің насихатына қарсымын. Олар бізге қалай өмір сүру керек екенін, шариғатты қалай ұстануымыз қажет екенін нұсқауға құқығы жоқ. Мысалы, мен күн сайын дұға оқимын, бірақ бұл туралы ешкім білмейді. Қалай дұға етемін менің жеке мәселем. Бұл менің Алламен арадағы қатынасым. Өзгеге өмір сүру тәртібін таңу мәдениетсіздік пен тәрбиесіздіктің көрінісі. Біз Конституция бойынша өмір сүреміз, бізде заң мен ережелер бар», – деді ол.
Баян Алагөзова жақында Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында орын алған қайғылы жол апатына қатысты да пікірін ашық айтты. Ол қоғамдағы жауапкершіліктің әлсіздігі мен заңның дұрыс сақталмауын сынға алды. Продюсердің ойынша, мұндай оқиғалардың астарында азаматтардың заңға деген құрметсіздігі мен жазадан қорықпауы жатыр.
Айтқандай…
Әңгіме барысында продюсер «Алтын Ханым» байқауы туралы да айтты. Биыл екінші рет өтетін конкурстың кастингіне шамамен 200-дей үміткер қатысып, ақтық сынға тек 22-сі ғана жолдама алған. Финалистер қатарында мектеп директорларынан бастап, дәрігерлер мен робототехника мамандарына дейін түрлі сала өкілдері бар.
Сұхбат соңында Алагөзова өзінің жеке өміріне қатысты сұрақтарға жауап беріп, бұрынғы жұбайы Бақытбек Есентаевтың қайтадан шаңырақ көтергені туралы қауесетке қатысты пікірін білдірді. Сондай-ақ, өзінің шығармашылық жобаларының әлемдік деңгейде бағаланып, бір күні «Оскар» жүлдесіне қол жеткізу мүмкіндігі жайлы ойымен де бөлісті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







