Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев «Жетісу» волейбол ерлер командасының құрамымен кездесіп, ұжымды ел Кубогын иеленуімен құттықтады. Сол сияқты команда жаттықтырушыларына, медицина қызметкерлеріне, ойыншыларына марапаттар тапсырды, деп жазады Ertenmedia.kz.
– Команда тарихында алғашқы жеңіс — Кубокты иеленулеріңізбен баршаңызды құттықтаймын. Бұл жеңіс ұжымның бірлескен еңбегінің, бір кісідей жұмылған береке-бірлігінің нәтижесі. Волейбол командалық ойын, сондықтан мұнда физикалық жаттығумен қатар психологиялық қолдау да, техника мен тактика да маңызды.
Бұл тұрғыда жігіттердің дайындығы жақсы. Біздің команданың 90% өзіміздің отандық спортшылар, соның 6-уы жетісулықтар. Бұл жергілікті жастардың тәжірибесінің шыңдалып, өсіп келе жатқанын көрсетеді. Алдағы уақытта сіздерді ел Чемпионатының ІІІ туры мен Суперкубок ойындары күтіп тұр. Осы жарыста да үздік ойын көрсетесіздер деп сенеміз. Оған сіздердің барлық мүмкіндіктеріңіз бар, – деген Бейбіт Исабаев Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар тапсырды.

Еске салсақ, «Жетісу» командасының Ұлттық лигаға кіргеніне 3 жыл болды. Өткен жылы ел Кубогының жүлдегері атанып, 3-орынға табан тіресе, биыл 18 желтоқсанда өткен ел Кубогы ойындарында өз тарихында алғаш рет чемпион болып, Кубокты иеленді. Сонымен қатар жетісулық команданың өкілі Никита Швалёв осы Кубоктағы ең үздік ойыншы атанды.
Бұдан бөлек, волейболдан ҚР Чемпионатының ІІ турының қорытындысы бойынша команда 35 ұпаймен қазіргі уақытта бірінші орында келеді.

