Премьер Бектенов жекеменшік мектептерді қаржыландыру тәртібін қайта қарау жөнінде тапсырма берді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бастама президент Тоқаевтың «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты сұхбатында айтылған міндеттерді жүзеге асыру аясында қолға алынған.
Үкімет отырысында Оқу-ағарту және Қаржы министріне мемлекеттен ақша алатын жекеменшік мектептердің жұмысына қатысты қатаң шарт қойылды.
Мемлекеттік ақша һәм жекеменшік тәртіп
Мемтапсырыс алып отырған жекеменшік мектептерде соңғы кезде мүмкіндікті теріс пайдалану дерегі жиілеп кеткен. Мәселен, субсидия көлемін арттыру үшін оқушы мен мұғалім саны жасанды түрде көбейтіліп, жалған тіркеулер орын алған. Осының кесірінен білім сапасы төмендеп, бюджет ақшасы тиімсіз жұмсалуда.
Премьер-министр сондай-ақ жекеменшік білім беру ұйымдарындағы қымбат оқу ақысына қатысты мәселе көтерді. Бектенов бюджет қаражатын элиталық мектептерді қаржыландыруға жұмсаудың қисыны жоқ деп отыр. Мұндай мектептердің оқу ақысын ата-ананың өзі төлейді және бұл қаражат оқу процесін толық қамтуға жеткілікті.
Жекеменшік мектептерді қаржыландыру мәселесі бойынша Қаржы министрі Мәди Такиев баяндама жасап, осы саладағы барлық процес толық цифрланып жатқанын мәлімдеді. Ақшаның жұмсалуын келісімшарттан бастап соңғы төлемге дейін бақылауға болады.
6 қаңтардағы жағдай бойынша 789 жеке мектеппен 78,7 миллиард теңгенің келісімі жасалған. Былтырғы көрсеткіш 845 мектеп. Бұған дейін қаржыландырылған 206 мекеменің талапқа сәйкес келмейтіні анықталған.
Қаржы ізімен жүрген аудит
Жүргізілген аудит кезінде бірқатар заң бұзушылық анықталыпты. Атап айтқанда, 1 333 оқушы бір мектептен екінші мектепке 5-тен 12 ретке дейін ауысқан. 64 жеке мектепте оқушы саны бекітілген жобалық қуаттан екі есе көп. Сондай-ақ, 2024 жылы 167 жеке мектеп салық есебінде табысын жасырып, ешқандай кіріс көрсетпеген.
Мәселеге аудит қызметі араласқасын әлгі мектептер жалпы көлемі 1,2 миллиард теңгеге жуық салық төлеуге мәжбүр болған. Қазір тағы 46 мектепке қатысты тереңдетілген тексеріс жалғасып жатыр.
Келесі кезеңде әлгіндей цифрлық бақылау жүйесі барлық мемлекеттік мектеп, (6 887 мектеп), балабақша мен университетке енгізіледі.
Жиында жеке білім беру мекемелерін лицензиялау мәселесін қайта қарау қажеттілігі сөз болды. Оқу-ағарту министріне осы мәселелерді шешу бойынша нақты ұсынысты бір апта ішінде Үкіметке енгізу міндеттелді. Тапсырманың орындалуын премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева бақылайды.
Бұған дейін депутат Ирина Смирнова Оқу-ағарту министріне білімдегі бөлінуді тоқтатуды талап еткен еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

