Актер Бекжан Тұрыс «Менің атым Қожа» фильміндегі басты кейіпкер Нұрлан Сегізбаевтың дүниеден өткенін естігенде балалық шағының бір бөлшегі мәңгілікке үнсіз көшіп кеткендей әсерде қалғанын, деп жазады Ertenmedia.kz.
– «Менің атым Қожа» фильмі балалығымыздың өзіндей болған дүние. Ал сол балалық шағымызға жан бітірген адам Нұрлан аға еді. Біз ол кісіні көргенде ауылдың жұпар иісі мұрнымызға келіп, мектеп қоңырауының үні құлағымызда сыңғырлайтын.
Анамыздың ұрсып, мұғалімнің ренжитін сәттері, бала кезгі ұяң армандарымыз бәрі де Қожаның бейнесімен қайта оралатын. Қожаның аңғалдығы, шынайылығы, тентектігі бәріміздің бойымыздан табылды. Оның кейпіне еніп қиялдадық, армандадық. Қожа болып Жанарларға ғашық болдық, Жантастарды ұнатпадық. Нұрлан ағаның сомдауындағы Қожа халықтың жадында мәңгі өшпейтін бейнеге айналып кетті, – деп жазды актер.
Бекжан Тұрыстың айтуынша, өмірінің соңғы кезінде ауыр дертке шалдыққан Нұрлан аға өзінің бұл дүниеден ұзаққа бармайтынын сезгендей, кейінгілерге өсиетін айтып кеткен екен.
– Құдай шебер ғой, бір адамға сан қырлы талантты үйіп бере салады. Нұрлан ағаның жазушылығын қазақтілді оқырман аса біле бермейді. Ол орыс тілінде жарық көрген бірнеше кітаптың авторы. Өз өсиеті бойынша марқұммен қоштасу рәсімі Жазушылар одағынан өтті. Бүгін халықаралық кино күні, ағаның жамбасы Кеңсай-1 зиратына, анасының қасына жерге тиді, – деді Бекжан Тұрыс.
Актердің ойынша, халықтың жүрегінен ерекше орын алған сүйікті Қожа-Нұрланмен қоштасу рәсімінің қайда өтетіні туралы жан-жақты хабарланса, қалың қазақ қаралы жиынға ағылып келер еді. Өкінішке қарай, күнделікті сериалдар мен киноға жиі түсіп, өздерін актер санайтын кейінгі толқын жастардың мұндай кезде көп көрінбеуі көңілге мұң ұялатқан.
– Нұрлан аға енді біздің естелігімізде өзіне ғана жарасатын жарқын күлкісімен, шынайы бейнесімен жасай береді. Қош болыңыз, аға! Тәніңіз азаптан құтылды, жаныңыз жұмақта болсын! – деп түйіндепті ойын актер Бекжан Тұрыс.

