Қазақстан бензин бағасының қымбаттауы жөнінен Еуразиялық одақта көш бастады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Еуразиялық экономикалық комиссияның дерегінше, былтыр қаңтар мен желтоқсан аралығында еліміздегі жанармай құны 15,7 пайызға бір-ақ шарықтаған. Қырғызстан да қалыспай, 15,1 пайыздық өсіммен екінші орынға жайғасса, Ресейдегі баға бір жыл ішінде 10,8 пайызға көтерілген.
Беларүсте өсім біршама төмен 6,7 пайыз. Ал Әрмения керісінше, бағаны 0,8 пайызға арзандатып, осы тізімнен шеткері қалған.
Дизель нарығындағы ахуал да ел асқынып тұр. Бір жылдың ішінде дизель 14,1 пайызға қымбаттап, осы көрсеткіш бойынша да еліміз өзгелерден оза шауыпты.
Бізден кейінгі орында Қырғызстан (11,1 пайыз), үшінші Ресей (8,3 пайыз), Беларүс 6,6 пайыз өсім көрсеткен. Әрмения дизель құнын керісінше, 0,9 пайызға төмендетіп отыр.
Электр қуаты бағасының ең қатты секіруі Қырғызстанда байқалған, бірден 20,9 пайыз. Осы саладағы баға Ресейде 13,1 пайызға, Беларусьте 11,9 пайызға көтерілсе, Қазақстанда өсім 8 пайызды құрап, төртінші орында тұр. Әрменияда электр энергиясының бағасы болар-болмас 0,1 пайызға артқан.
Қызықтың көкесі келесі жылы болады. 2027 де одақ аясында мұнай және мұнай өнімінің ортақ нарығы іске қосылады. Осылайша еліміздегі жанармай бағасы алдағы уақытта одақ елдерімен теңесуі мүмкін. Қазір Қазақстандағы бензин Ресей мен Қырғызстаннан екі есеге жуық арзан. Сарапшылар биыл арзан бензиннің соңғы жылы болуы мүмкін екенін де ескертіп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

