Алматы даму орталығының басшысы Руслан Берденов Жаңа жыл мерекесіне қатысты қоғамда туындаған түсініспеушілікке байланысты өз ұстанымын ашық білдірді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Әлеуметтік желілерде оның мерекені атап өтуге қарсылық танытып, ұжым ішінде Жаңа жыл шараларын өткізуге шектеу қойды деген ақпарат тараған. Бұл жағдай көпшіліктің көкейінде түрлі сауал туғызғаны анық. Сондықтан Берденов бұл мәселеге ашық әрі нақты жауап беруді ұйғарып, әлеуметтік желідегі парақшасында өз ойын жан-жақты жеткізді.
Мерекеге құрмет, қызметкерге қолдау
Оның айтуынша, Қазақстан зайырлы ел, көпұлтты, көпконфессиялы мемлекет. Сондықтан да мәдениетке немесе дінге байланысты ешбір алалау болмауы тиіс. «Мен үшін «дұрыс» немесе «бұрыс» мәдениет деген түсінік жоқ және болмақ та емес. Барлық дәстүрге құрметпен қараймын. Жаңа жыл, Наурыз, Рождество немесе Құрбан айт болсын, қандай мереке болса да, әрбірінің өзіндік орны бар. Әрбір мереке адамның көңілі мен жүрегіне жақын, қадірлі болуы керек деп есептеймін», – деп жазды Руслан Берденов.
Жаңа жылды атап өтуге қатысты шешім қабылданбағанын және қабылдануы да мүмкін емес екенін алға тартқан ол, мерекені діни себеппен атап өтуден бас тарту туралы пікір мүлдем шындыққа жанаспайтынын ашық жеткізді.
Берденов үшін Жаңа жыл ең алдымен отбасылық мейрам, жақындармен бірге отырып өткенге шүкіршілік етіп, алдағы жоспарларды айқындайтын ерекше кезең. Оның үстіне, компания ішінде корпоративтерді немесе сыйлықтарды алып тастау туралы ешқандай тапсырма берілмегенін және бұл мәселе тіпті талқыланбағанын атап өтті.
– Кейбір хабарламаларда «Жаңа жыл мұсылман мерекесі емес, сондықтан біз қызметкерлерді құттықтамаймыз» деп айтылған. Мұндай мәлімдемелер негізсіз әрі жалған. Осындай жалған ақпаратқа сеніп, асығыс қорытынды жасамауға шақырамын. Егер қандай да бір сұрақ немесе келіспеушілік болса, оларды әрдайым ашық әрі конструктивті түрде талқылауға дайынбыз», – деді ол.
Берденов корпоративтік мәдениетті қолдайтынын, әрбір қызметкер өзін қауіпсіз әрі еркін сезінуі қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар, компания дамуына үлес қосып жүрген әрбір қызметкерге алғыс білдірді. Қазіргі уақытта қауіпсіздік қызметі бұл мәселенің мән-жайын зерттеп, ақпараттың бұрмалануы қайдан шыққанын анықтау үстінде. «Біздің мақсатымыз – кінәлілерді іздеп, оларды жазалау емес, тек жағдайды анықтап, болашақта осындай келеңсіздіктердің алдын алу», – деп нақтылады басшы, деп.
Контекст
Руслан Берденов өз құқығы бұзылды деп есептеген қызметкерлерге әрқашан есігінің ашық екенін, барлық мәселені бетпе-бет сөйлесіп шешуге шақырды. «Бір-біріміз туралы сырттан емес, өзара ашық сөйлесейік. Біз алдағы уақытта да бір-бірімізді сыйлап, бірлігімізді сақтай отырып, табысты еңбек етеміз. Мерекелерді де бірге тойлаймыз», – деді Алматы даму орталығының басшысы Руслан Берденов.
Руслан Берденов басқаратын орталықта жаңажылдық корпоратив мәселесіне қатысты әлеуметтік желіде қызу пікірталас орын алған болатын.

