Нидерландының Вейк-ан-Зее қаласында өткен Tata Steel Chess Challengers 2026 турнирінде еліміздің үздік шахматшысы Бибісара Асаубаева 5-ші орынды иеленді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Турнир Нидерландының Вейк-ан-Зее курортты қаласында 1937 жылдан бері атақты Tata Steel Chess Tournament атты шахмат фестивалі ұйымдастырылып келеді.
Фестивальдің басты оқиғасы Masters және Challengers деп аталатын екі ірі гроссмейстерлік турнир болып табылады. Бибісара Асаубаева Challengers турнирінде 4 жеңіс, 7 тең ойын және 2 жеңіліспен 13 мүмкін ұпайдан 7½ ұпай жинап, 5-ші орынға тұрақтады және рейтингіне 19,1 ұпай қосты.
Үш дүркін блицтен әлем чемпионы атанған шахматшымыз үшін бұл турнир әлемдік шахмат тәжіне үміткерлер арасында өтетін маңызды додаға дайындық кезеңінің бірі болды. Аталған үміткерлер турнирі 29 наурыз бен 15 сәуір аралығында Кипрдің Пафос қаласында өтеді.
Ал Challengers турнирінде 15 жастағы америкалық Энди Вудворд жеңімпаз атанды. Шахмат әлемі оны 2025 жылы Өзбекстанның Самарқанд қаласында өткен ФИДЕ Grand Swiss турнирінде жоғары нәтиже көрсеткен жас гроссмейстер ретінде таниды. Сол турнирде Энди Эло рейтингі 2700-ден жоғары 14 шахматшыны артқа тастап, 7-ші орын алған болатын.
Tata Steel Chess Challengers 2026 турнирінің қорытынды нәтижесі (орташа рейтинг – 2544, XII категория):
GM Энди Вудворд (2608, АҚШ) – 10 ұпай;
GM Василий Иванчук (2605, Украина) – 9½ ұпай;
GM Айдын Сүлейманлы (2628, Әзербайжан) – 9 ұпай;
GM Марк-Андриа Маурицци (2611, Франция) – 8 ұпай;
GM Бибісара Асаубаева (2497, Қазақстан) – 7½ ұпай.
Бұған дейін Қазақстанның жас шорт-трекшілері әлем чемпионатында эстафеталық жарыста қола жүлде алғанын хабарлаған едік.
Айтпақшы, Денсаумин елімізде қызылшаның қайта өршуі вакцинадан жаппай бас тартумен тікелей байланысты екенін алға тартты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

