Белгілі жазушы Бигелді Ғабдуллин Рамазан айы ішкі дүниемізді реттеп, күнделікті тірлікте ұмыт қала беретін рухани құндылықтарға қайта оралатын уақыт екенін айтты, деп жазды Ertenmedia.kz.
– Рамазан тоқтау айы. Ол тек тәннің ғана емес, ең алдымен ойдың, ниеттің тоқтауы. Бұл кезде адам күнделікті әдеттің автоматты тіршілігінен шығып, өзіне назар аударады. Сөзіне, іс-әрекетіне, ниетіне тереңірек үңіледі, – дейді жазушы.
Оразаның мағынасы тек таңнан кешке дейін тамақ ішуден бас тартуда емес. Бұл өз-өзіңмен жұмыс істеп, иманыңды күшейтіп, сабыр мен ұстамдылықты дамытатын уақыт. Мұнда дөрекілік, өсек, өтірік, бос сөзден аулақ болу маңызды. Яғни, адамның не жеп-жемегені емес, қандай сөз айтпағаны, қандай жаман ойды жүрегіне жолатпағаны маңыздырақ.
– Осы айда артық тұтыну жайында ойланған абзал. Тек тамақты ғана емес, эмоцияны, ақпаратты, тіпті көрсетпелі менмендікті де шектеу қажет. Рамазан ішкі тыныштық пен жинақылық айы. Ол бізге қажеттіден артық алмауға және барға шүкіршілік етуге үйретеді, – деп атап өтті Бигелді Ғабдуллин.
Қазақстанда Рамазан әлеуметтік байланысты нығайтатын ерекше кезең. Бірге ауызашар жасау, жақындарға көңіл бөлу, үйге достарды, көршілер мен әріптестерді шақыру бұл ораза ұстамаса да, адамға құрмет көрсетудің жолы. Ауызашардың мәні дастарханның молдығында емес, қасиетті айдың берекесін бірге бөлісуде жатыр.
– Өкінішке қарай, біз кейде осы маңызды мағынаны жоғалтып аламыз. Әлеуметтік желіде ауызашар дастархандарының сән-салтанатымен жарысқан бейнелер көбейіп барады. Ауызашарды жарысқа немесе бәсекеге айналдыру оның рухына мүлдем қайшы, – деді жазушы. Осы ретте «неге осындай жағдайға жеттік» деген сұарақ тауындайтыны анық.
– Себебі, біз рухани мәннен гөрі сыртқы көрініске көбірек көңіл бөлеміз. Ауызашар деген – той емес. Ол – тыныш, қарапайым әрі терең мәні бар рәсім, – дейді Бигелді Ғабдуллин.
Оның айтуынша, көрсетпелі молшылық пен артық шығын оразаның негізгі идеясына сабыр мен ұстамдылыққа қарама-қайшы келеді.
– Рамазан сыртқы әрекеттер айы емес, ең бастысы ішкі өзгеріс айы. Оның негізгі мақсаты да осында. Егер оразадан кейін адам аз да болса өзгеріп, сабырлырақ, басқаларға мұқият әрі өз-өзіне адалырақ болса, онда бұл оразаның шынайы жемісі. Ал ешқандай өзгеріс болмаса, біз ең маңызды дүниені ұмыт қалдырдық деген сөз, – деп түйіндеді Бигелді Ғабдуллин.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2026 жылға арналған діни күндер күнтізбесін жариялады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

