Жетісу облысының білім беру саласы жаңа жылдың алғашқы күндерін күрделі жағдаймен бастады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Көксу ауданы Қызылтоған ауылындағы мектеп директоры мұғалімдердің ақшасын букмекерлік кеңселерде ұтысқа тігіп жіберді деген күдікке ілініп, уақытша қызметінен шеттетілді.
Оқиға туралы мәліметтер алдымен әлеуметтік желіде пайда болды. Жазбада мектеп директоры ұстаздардың қаражатын құмар ойындарға жұмсағаны туралы айтылған. Әзірге ресми түрде тоғыз мұғалім шағым түсірген.
Келтірілген шығын көлемі шамамен 9 миллион теңгені құрайды. Зардап шеккендердің қатары бұдан да көп болуы мүмкін. Өйткені, кейбір мұғалімдер қорыққанынан әзірге полицияға шағымданбаған көрінеді.
Көксу аудандық білім бөлімінің басшысы Қуат Бузбаев ұстаздардан шағым түскенін растап, жағдайдың қатаң бақылауға алынғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, ауылдағы мектептің тоғыз мұғалімі директордың заңсыз әрекеттеріне қатысты аудандық білім бөліміне 2025 жылғы 30 желтоқсанда арыз түсірген. Аталған арыз 2026 жылғы 5 қаңтарда аудандық полиция бөліміне жолданып, қазіргі уақытта тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Бүгінгі таңда күдікке ілінген мектеп директорының қызметтік өкілеттілігі шектелді. Сонымен қатар, ауылдағы мектеп ұжымымен кездесу ұйымдастырылып, жиынға аудан әкімінің орынбасары қатысатыны белгілі болды.
Жетісу облыстық полиция департментінің баспасөз қызметі де тергеу басталғанын растады. Құқық қорғаушылар тексеріс нәтижесінде заң аясында нақты процессуалдық шешім қабылданатынын хабарлады.
Ал арыз берген мұғалімдер өз қызметтерін қалыпты жағдайда жалғастырып, тексеріс барысына қатысты талап-тілектерін ғана жеткізуде.
Қазақстаннан онлайн-казино арқылы заңсыз түрде 600 млрд теңге шетелге шығарылған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

