Қазақстанда 2025 жылдың қорытындысы бойынша 588 базар тіркелген. Дәстүрлі сауданың кеңістігі тарылу үстінде деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне қарағанда, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 38 базарға аз.
Елдегі базарлардың басым бөлігі қалада шоғырланған. Қазір 417 базар шаһарларда жұмыс істесе, ауылдық жерлерде 171 базар қалған.
Өңірлер ішінде ең көп базар Түркістан облысында тіркелген. Мұнда 103 нарық бар. Одан кейін 57 базармен Алматы облысы, 53 базармен Ақтөбе облысы тұр. Ал ең төмен көрсеткіш Ұлытау облысында байқалған. Онда бар болғаны 6 базар жұмыс істейді.
Сауда орындарының саны да қысқарған
Егер 2024 жылы ел бойынша 150,8 мың сауда орны болса, 2025 жылы ол 147,6 мыңға дейін төмендеген.
Алматыдағы базарлар? Сауда орындарының ең көп шоғырланған аймағы Алматы қаласы. Мұнда 26,5 мың орын бар. Жамбыл облысында 19,8 мың, Алматы облысында 17,2 мың сауда орны тіркелген.
Меншік түріне келсек, 265 базар заңды тұлғаларға тиесілі. Ал 323 базар жеке кәсіпкерлердің иелігінде.
Жалпы құрылымға қарағанда, елдегі 9 базар коммуналдық санатқа жатады. 323-і жабық, 222-сі мамандандырылған, 366-сы әмбебап сипатта жұмыс істейді. Ал сауда айналымы бойынша 39 базар көтерме, 549 базар бөлшек сауда бағытына кіреді.
Жаңа статистика Қазақстандағы дәстүрлі сауда кеңістігі біртіндеп тарылып бара жатқанын аңғартады. Соған қарамастан, базарлардың негізгі салмағы әлі де оңтүстік өңірлер мен ірі қалаларда сақталып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







