Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан басшысы Садыр Жапаровпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мемлекет басшысы әңгімелесу барысында қазақ-қырғыз қарым-қатынасының соңғы уақытта белсенді дамып келе жатқанын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, екі ел арасында тұрақты саяси диалог орнап, үкіметтер мен іскерлік топтар тығыз байланыс орнатқан.
«Екі бауырлас елдің басшылары сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және су-энергетикалық салалардағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейіне ризашылықтарын білдірді», – делінген хабарламада.
Президенттер достық, стратегиялық әріптестік және одақтастық рухында мемлекетаралық қатынастарды одан әрі нығайтуға мүдделі екендіктерін растады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан басшысына Қазақстанда жүргізіліп жатқан конституциялық реформа туралы айтып, бұл өзгерістер елдің орнықты дамуына жаңа серпін беретінін жеткізді. Садыр Жапаров Қазақстанда жүзеге асып жатқан ауқымды реформаларды қолдайтынын атап өтті.
Екі ел басшылары аймақтық ынтымақтастықтың барлық мәселелері бойынша ортақ ұстанымдарын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Бішкекте өтетін ШЫҰ саммиті мен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының табысты өтуіне тілектестігін жеткізіп, Садыр Жапаровтың қоғам бірлігін сақтау мен Қырғызстан мемлекеттілігін нығайту бағытындағы шешімдерін қолдайтынын айтты.
Еске сала кетейік, 10 ақпанда Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров өзінің досы әрі серіктесі Қамшыбек Тәшиевті барлық қызметінен босатқан болатын. Бұл шешімнің басты мақсаты ел бірлігін сақтау және қоғамда, әсіресе мемлекеттік органдар арасында алауыздықтың алдын алу деп түсіндірілген еді.
Тәшиевтің қызметтен кетуі елдегі күштік құрылымдардың қайта құрылуына әкелді: оның орынбасарлары қызметінен босатылып, ҰҚМК құрамынан Шекара қызметі шығарылды. Сондай-ақ президентке тікелей бағынатын Мемлекеттік күзет қызметі құрылды. Бұған қоса, парламент спикері Нұрланбек Тұрғынбекұлы қызметінен кетсе, көлік прокуратурасының басшысы, Тәшиевтің туысы Нұрғазы Матисақов орнынан алынған болатын.
Қырғызстанда саяси ахуалдың шиеленісе түсуіне байланысты, бұрынғы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) төрағасы Қымшыбек Тәшиев уақытша шетелге кетті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

